×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Қадір түні Астана мешіттерінде қалай өтті

06.04.2024, 08:23
Фото: Ulysmedia.kz

Бүгін - Қадір түні. Мың айдан да қайырлы болған Қадір түні биыл сәуірдің 5-нен 6-на қараған түнге сәйкес келді. Ислам күнтізбесі Айдың толуымен есептелетіндіктен, жыл сайын Рамазан айы Григориан күнтізбесінен он күн ерте басталады. Қадір түні Рамазан айының соңғы онкүндігінде кіреді. Ислам ғұламаларының айтуынша, Қадір түнін Рамазанның соңғы он күнінен, оның ішінде тақ күндердің түнінен іздеген абзал.

Бұл – Астана қаласындағы Әзірет Сұлтан мешіті. Мешіт сыртының өзінде адам қарасы көп. Барлығы Алла үйіне құлшылыққа асығып бара жатыр. Ulysmedia.kz сайтының тілшісі Жанболат Шәкім де мұсылман үшін маңызды түнде мешітке арнайы барды. 

Әзірет Сұлтан мешітіне жиналған жамағат арасында қоғамда айтар ойы бар, зиялы қауым өкілдері де жолығып қалып жатыр. Соның бірі - ақын, журналист Асантемір Қаршығаұлы. Ол Астанаға жақында Атырау шаһарына көшіп келген. Қадір түнін алғаш рет бас қалада өткізгелі отыр. 

– Қасиетті Қадір түнін алғаш рет Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітінде қарсы алғалы тұрмын. Осы Қадір түні құлшылық қылған барлық жамағатқа қабыл болсын деймін. Елде болып жатқан тосын жағдайларға байланысты отандастарымды көмек қолын созуға шақырамын, – дейді ол.

Рамазан - қайырымдылық айы. Мешіт алдында гуманитарлық көмек жиналып жатыр. Ол еліміздің батыс өңірінде қарғын судан зардап шеккен отандастарымызға жеткізіледі. Мешіт қызметкерлерінің айтуынша, гуманитарлық көмек Ақтөбе облысы Ойыл ауданының баспанасыз қалған тұрғындарына таратылады.

Гуманитарлық көмекке жеке гигиеналық заттар, балалардың жөргегі, консервіленген азық-түлік, ауыз су, төсек орын, киім-кешек пен дәрі-дәрмек жиналуда. Мұны қазақ жылу деп атаған. Жылу – қиындыққа душар болған мұқтаж жандарға көпшіліктің көрсететін материалдық көмегі. Ислам діні халқымыздың салт-дәстүрімен біте қайнасып жатыр. Дінімізде өзгеге көмек беру қайырлы іс екені айтылады, сол секілді дәстүрімізде де мұндай іс адамгершіліктің белгісі ретінде қабылданған. Дана халқымыз қиын-қыстау кезде көрген қамқорлығын, жақсылығын үнемі еске алып, «аш күніңде жеген құйқаның дәмін тоқ күніңде де ұмытпа» деп әрқашан ұрпағына айтып, өнеге етіп отырған. 

- Бүгін жиналған жылу еліміздің басқа аймағындағы отандасымызды көктемнің суық түнінде жылытсын деген ниетпен көмектесіп жатырмыз, - дейді көмек қолын созушылардың бірі. 

Мешіт еліміздің алты өңіріне жүк көліктерімен гуманитарлық көмек жөнелткен. Соның бірі қазір жолға шығуға дайын тұр.

Дін өкілі Ілияс Отаровтың айтуынша, Рамазан - қайырымдылық айы. Соның ішінде Қадір түнінде жасалған құлшылық, ғибадат 1000 айда жасаған нәпіл намаздан қайырлы болады. 

Мұсылман Қадір түнін қалай өткізуі тиіс? Көптің көкейіндегі сұраққа дін өкілі қысқа да нұсқа жауап берді. 

- Кейбіреулер Қадір түнінде ұйықтауға болмайды деп үзілді-кесілді үкім етіп жатады. Алайда Ислам діні жұмсақ дін болғандықтан, мұндай мәселеде біржақты үкім айтуға болмайды дейді Ілияс Отаров. Оның айтуынша, бұл түн қасиетті болғандықтан, мұсылман адам оның әрбір сәтін тиімді пайдалануға тырысуы керек.

Жамағат алдына шыққан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жиналған жамағатты Қадір түнімен құттықтап, бақ-береке тіледі. Сондай-ақ көпшілік үшін Алла Тағаладан дұға тіледі. 

Жоғарыда айтып өткеніміздей, мешітке келушілер арасында мемлекет қайраткерлері де, қоғам белсенділері де, зиялы қауым өкілдері де, өнер саласында жүрген азаматтар да көп болды. Олардың барлығы Алла деп қол жайып, қайырлы түнде дұға тілеп, құлшылық етуге келгендер. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Аманжол Әлтай да бүгінгідей қасиетті түнде халқымызға амандық тілеймін, кешірім тілеймін деп ағынан жарылды. Депутат соңғы уақытта елімізде болып жатқан төтенше жағдайға алаңдаулы екенін, халық қарғын судың әлегінен құтылып, жаймашуақ күндеріне тезірек оралуын тіледі. 

Діни құлшылық рәсімдерінің арасында мешіт қызметкерлері Ислам діні, Пайғамбар өмірінен сұрақтар қойып, мешітке келушілер арасында қызықты викторина өткізді. Дұрыс жауап бергендерге сыйлық үлестірілді. 

Ulysmedia.kz cайтының тілшісі Хазірет Сұлтан мешітінен шығып, Әбу Насыр Әл-Фараби мешітіне де бас сұқты. Астананың сол жағалауында орналасқан мешіттің жамағаты да Қадір түніне ерекше құлшыныспен келгені байқалады. Мешіт қызметкерінің айтуынша, мұнда ауыз бекітетін жандарға сәресі беріледі. 

Ulysmedia.kz тілшілері барған тағы бір мешіт ол бас қаладағы ең ауқымды саналатын жаңа мешіт. Тұрғындар жаңа мешіт деп атап кеткен құлшылық орны 2022 жылы жазда ашылған. Ол Қабанбай батыр даңғылы мен Мәңгілік Ел көшелерінің арасындағы аумақта, Хусейн бен Талал көшесі маңында орналасқан. Мешітке бір уақытта 35 мың адам сыяды. 

Мешіттің кіреберіс есігі әлемдегі ең биік ағаш есіктердің бірі саналады. Ол тропикалық Африкада өсетін ироко қатты ағашынан қолмен жасалған. Оның биіктігі 12,4 метр, салмағы бір жарым тонна. Есіктері қазақы өрнектермен безендірілген. Ал сыртқы қабырғаларында көгілдір фонға ақ араб өрме жазуы жазылған. Мешіттің қабырғалары мен күмбезінің іші түрлі-түсті оюлар, өрнектер, Құран аяттары және дұғалармен безендірілген. Бірақ, негізінен, қазақ өрнектері салынған. Араб каллиграфиясын қазақ шебері Асылбек Байзақұлы жазған. Құбыла жақтағы қабырғада Алланың 99 есімі қашалған. Мозаика қабырғаның ұзындығы 100 метр, биіктігі 22,4 метр. Мозаика түрлі түсті 25 миллион әйнектен құралған. 

Жаңа мешіт өзінің ауқымымен, сәулетімен баурап алады. Ерекше стильмен салынған Алла үйі, әсіресе, Қосшы қаласы, Тайтөбе, Қабанбай батыр ауылдары, Пригородный тұрғын алаптарында тұратын адамдарға жақын орналасқан. Сол себептен болса керек, аталған мешітке келушілердің көбі осы аймақтың тұрғындары болды.

Жанболат Шәкім

Серіктес жаңалықтары