Тимур Құлыбаев Қазақстанның бірқатар өңіріндегі тұрғын үй мен инфрақұрылымдық нысандарға айтарлықтай залал әкелген жойқын су тасқынына байланысты Атырау облысын қалпына келтіруге 30 млрд теңге бөледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Келтірілген залалды есептеу аяқталған соң жұмыстар бірден қолға алынады.
Су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың қайғысына ортақпын. Біз алғашқы күндерден бастап тасқыннан зардап шеккен аймақтарға көмек көрсетудеміз. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен барлық қиындықты бірге еңсеретінімізге сенімдімін, - деді Тимур Құлыбаев.
Бизнес пен еліміздің белсенді азаматтары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жойқын су тасқының салдарымен күресте күш-жігерді біріктіру туралы үндеуінен шет қалмады. Соңғы жылдары Тимур Құлыбаевтың компаниялар тобы Президенттің бастамаларын қолдауға әрі қайырымдылыққа 85 млрд теңгеден астам қаржы бағыттады. Оның ішінде топан сумен күреске 1,5 млрд теңге бөлді.
Halyk Bank қазақстандықтардың елдегі тасқыннан зардап шеккендерге қайырымдылық көмегін аудара алатындай арнайы шот ашты. Halyk Bank қосымшасы арқылы тиісті көмекті жіберуге болады.
Қазақстандағы су тасқыны
Еске сала кетейік, елде бірнеше күннен бері бірнеше өңірде су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.
Премьер-министр, штаб жетекшісі осы ретте Олжас Бектенов жауаптыларға бірқатар тапсырма берген.
Ulysmedia.kz редакциясының бас редакторы су тасыған Құлсарыға барып, арнайы репортаж түсірген болатын.