Tik-tok желісінде қазақстандықтарға жылу жинаған қандас балалардың жан тебірентерлік видеосы пайда болды деп хабарлайды, Ulysmedia.kz.
Не болды?
Қазақстандағы су тасқынан зардап шеккендерге жан-жақтан көмек келіп жатыр. Бірақ мынау көмек шынында ерекше болды. Моңғолиядағы қазақ балалары өздерінің күнделікті тәттіге деген ақшаларын қазақстандықтарға деп жинаған. “Өзін ғана ойлаған жамандықтың белгісі, өзгені де ойлаған адамдықтың белгісі” дейді оқушылар.
“Сыныбымыздың және де мұғаліміміздің атынан қазақстандық достарымызға 200 мың тұғрық (Моңғолия валютасы) ұсынамыз ” дейді видеода.
Сөз соңында оқушылар қазақ халқының ұйымшылдығын сөз етіп, барша Моңғолия азаматтарын Қазақстанға көмектесуге шақырады.
Қазақстандағы су тасқыны
Еске сала кетейік, елде бірнеше күннен бері бірнеше өңірде су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.
Премьер-министр, штаб жетекшісі осы ретте Олжас Бектенов жауаптыларға бірқатар тапсырма берген.
Ulysmedia.kz редакциясының бас редакторы су тасыған Құлсарыға барып, арнайы репортаж түсірген болатын.