×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

Қосымша 550 мың теңгеден төленеді – Үкімет тасқыннан зардап шеккендерге қандай көмек береді

23.04.2024, 10:30
Қосымша 550 мың теңгеден төленеді – Үкімет тасқыннан зардап шеккендерге қандай көмек береді
Коллаж: ulysmedia.kz.

Үкімет басшысының айтуынша, қазіргі уақытта 11 мыңға жуық отбасы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТЖМ не дейді

Үкімет отырысында бүгін тағы су тасқынының салдарымен күрес мәселесі, қазіргі ахуал талқыланып жатыр. Баяндама жасаған ТЖМ басшысының орынбасары Бауыржан Сыздықов қазір Атырау, Батыс, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынын жою жұмыстары жалғасып жатқанын айтады. Оның сөзінше, Ресейдің Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне ағызған судың салдарынан батыста жағдай күрделене түскен.

ТЖМ өкілі Абай, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Ақмола және Қостанай облыстарында жағдай тұрақты, жергілікті өзендердегі су деңгейі біртіндеп төмендеп келе жатқанын айтады.

«Бұл өңірлердегі елді мекендерді су басу қаупі жоқ», - дейді Сыздықов. 

Сыздықов құтқару және шұғыл жұмыстарды атқару кезінде тиімді әдістер мен тәсілдер енгізілгенін атап өтті. Мысалы, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарында понтон көпірлерін орнату және тез арада су бұру арналарын салу әдісі қолданылған. Бұл шаралар көлік байланысын қамтамасыз ету мен су басу қаупін азайту мүмкіндігін берген.

Зардап шеккендерді эвакуациялау және орналастыруға қатысты барлық мәселелер шұғыл шешілуде, азаматтарға дер кезінде медициналық және психологиялық көмек көрсетілген. Құтқарушылар босанған әйелдерді құтқарған да жағдайлар болып, олардың барлығы ауруханаларға аман-есен жеткізілген. Иелері тастап кеткен үй жануарларын да суда қалдырмай, қауіпсіз жерге көшірілген. Су басу аймақтарынан барлығы 119 мыңға жуық адам алдын ала, оның ішінде 44 мыңнан астамы бала эвакуацияланған.

Бектенов: жағдай тұрақталып келеді

Премьер-министр Олжас Бектеновтың айтуынша, қазір жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында қауіптің беті қайтқан. Өте күрделі ахуал қалыптасқан Петропавл және Құлсары қалаларында су тартыла бастаған.

«Үкіметте, Төтенше жағдайлар министрлігінде, өңірлерде жедел штабтар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Проблемалардың барлығы жергілікті жерлерде жедел қаралып, шұғыл шешімдер қабылданды. Өткен аптада залалды өтеу жұмыстары басталып кетті. Зардап шеккендерге келтірілген шығындарды өтеу тәртібіне түзетулер бекітілді. Кеше мен тиісті қаулыға қой қойдым», - дейді ол.

Бектеновтың сөзінше, бүгінге дейін 11 мыңға жуық отбасы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем алған. Бұл – үлкен жұмыстың басы ғана дейді ол. Бектеновтың айтуынша, оған қосымша тағы 150 айлық есептік көрсеткішке дейін төленеді. Оған адамдар тоңазытқыш, үстел, орындықтар, ыдыс-аяқ, киім-кешек сияқты жоғалған бірінші кезектегі қажетті заттарды сатып ала алады. Сондай-ақ кәсіпкерлердің шығындары өтеледі.

«Азаматтарға айтатыным, сабырлық сақтаныңыздар.  Ешкім де көмексіз қалмайды Бұл мәселелердің барлығы Президенттің және менің жеке бақылауымда. Сондықтан біз осы сынақтан аброймен өтеміз деп білемін. Дегенмен кейбір өңірлерде тасқын қаупі әлі сейілген жоқ. Өзендерде су деңгейінің көтерілу фактілері тіркелуде», - дейді ол.

Бектенов бірқатар тапсырма беріп отыр. Біріншіден, төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктермен бірге су тасқынына байланысты жағдайға бақылауды күшейтуді жалғастырады. Бектенов қажет болған жағдайда шұғыл әрекет етіп, халықты көшіруді қамтамасыз етсін. Қайталап айтамын, керек болса, мәжбүрлі түрде көшіру қажет екенін атап өтті.

«Екіншіде, экология министрлігі су объектілері мен өзендерде гидробекеттер санын ұлғайтуы қажет. Үшіншіден, өңір әкімдіктері су басқан үйлерді, ғимараттар мен нысандарды тез арада техникалық тексеруді аяқтасын. Су кеткен жерлерде көпке созбай, тасқыннан кейінгі тазарту, дезинфекциялау және қалпына келтіру жұмыстарын бастау қажет.  Төртіншіден өнеркәсіп министрлігі тұрғын үйлерді, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша жергілікті жерлердегі барлық жұмыстарды үйлестіру үшін жедел топ құруы керек”, – дейді ол.

Құрылыс және жөндеу жұмыстарының нақты жоспарын жасап, оның барлығын барынша қысқа мерзімде аяқтау жүктеліп отыр.