Алматы облыстық Полиция департаменті Еңбекшіқазақ ауданы Күш ауылында жоғалып кеткен үш жасар қызды өлтіріп кетуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Күдіктілер қамауға алынды
Алматы облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, із-түзсіз жоғалып кеткен 3 жастағы Айя Софияға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Күдіктілер ұсталып, қамауға алынды.
Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі «Кәмелетке толмаған адамды өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді, - деп хабарлады Алматы облыстық Полиция департаментінен.
Қыз баланы іздеуге тікұшақ пен дрон жұмылдырылған
Полиция күдіктілердің кім екенін және қыздың денесі табылғаны туралы ақпарат бермеді.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының ережелеріне сәйкес өзге мәліметтер жария етуге жатпайды, – деп атап өтті ведомстводан.
Еске салайық, 17 наурыз сағат 16:00 шамасында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Күш ауылында үш жасар қызы үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған. Қызды іздеуге тікұшақ пен дрон жұмылдырылған еді.