Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында есеп берді.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі жазды.
Терроризм мен экстремизм
- Жыл басынан бері ҰҚК материалдары бойынша терроризм мен экстремизмге қатысы болғаны үшін 25 адам сотталған, сотқа дейінгі тергеу амалдары аясында тағы 13 адам ұсталған.
Қылмыстық топтар туралы
- ҚР ҰҚК ҚР ІІМ бірлесіп, 6 қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойған. Нәтижесінде 35 адам тұтқындалған. Заңсыз айналымнан 148 қару, қолдан жасалған 5 жарылғыш құрал, 32 граната және 4431 оқ-дәрі тәркіленген.
Есірткі жөнінде
- Есірткі бизнесіне қарсы күрес аясында 16 операция жүргізілген. Есірткі тасымалдайтын 18 халықаралық және 9 өңірлік арна, сондай-ақ 10 есірткі зертханасы жойылған. 800 келіден астам есірткі және психотроптық заттар, 14 тонна химиялық реагенттер мен көкнәр шикізаты тәркіленген.
Сыбайлас жемқорлық
- Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шеңберінде мемлекетке 707 миллиард теңгеден астам сома залал келтіруге жол берілмеген және бюджетке 1,2 миллиард теңге қайтарылған.
Шекара
- Мемлекеттік шекараны бұзған 7 мыңнан астам адам ұсталған. Шекара арқылы қару-жарақ пен оқ-дәрі, есірткі және басқа да тыйым салынған заттарды тасымалдауға қатысты 395 әрекеттің жолы кесілген. Сондай-ақ 3,2 миллиард теңге көлеміндегі валютаны және құны 7,6 миллиард теңге болатын тауарларды заңсыз өткізуге тосқауыл қойылған.
Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне жасалған 50,3 миллион кибер және 819 DDoS-шабуылға тойтарыс берілгені туралы баяндады.