Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және ұмра министрлігі қажылық рәсімдері тек қажылық визасы арқылы ғана өтелетіндігі туралы 26 сәуір күні арнайы мәлімдеме жариялағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Не болды
Қажылық визасы Сауд Арабиясының Қажылық және ұмра министрлігі тарапынан әр елдің дін саласына өкілетті мемлекеттік органдарына немесе ресми Исламдық діни басқармаларға (Мүфтият) ғана тиісті талаптар мен тәртіпке сай беріледі.
Сондай-ақ Мәлімдемеде қажылық рәсімдерін орындағысы келетін азаматтарды әлеуметтік желілер арқылы қызметтерін жарнамалап жүрген, қажылық маусымын ұйымдастыруға заңды құқығы жоқ компаниялардан сақ болып, олардың қызметтеріне жүгінбеуге кеңес берілді. Сонымен қатар Қажылық және ұмра министрлігі ұмра, туристік, жұмыс, отбасылық сапарлар, транзит және визалардың басқа түрлері қажылық рәсімдерін өтеуге құқық бермейтіндігі жөнінде баса айтты.
Өз кезегінде Діни басқарма қажылық және ұмра саласында қызмет көрсететін тәжірибелі туроператорлар арасында адал әрі әділ бәсекелестікке қол жеткізу және қажыларымызға қолайлы жағдай жасау мақсатында 2024 жылы қажылықпен айналысуға үміткер туристік операторлар арасында конкурс жариялаған. Нәтижесінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ашық конкурстан өткен 16 қазақстандық туроператорға 2024 жылғы қажылық маусымында отандастарымызға тиісті қызмет көрсетуге ресми рұқсат берді.
Сонымен қатар «Қажылық-2024» маусымына 16 туроператор және осы туроператордың бірімен субагенттік келісімшарт құрған 19 турагент Сауд Арабия тарапынан болған талаптарды толығымен орындап, Қазақстаннан баратын қажылар үшін қаңтар айының соңына дейін төленген қаражат көлеміне сай 5081 қажылық орны берілді. Биыл қажылық құлшылығына ниет еткен кісілер тек тізімде көрсетілген туроператорлар мен турагенттерден қажылық орындарын брондай алатынын және қажылыққа тіркеу жұмыстары әлі де жалғасып жатқандығын жеткіземіз.
Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылыққа тізімде көрсетілген тиісті рұқсаты бар компаниялармен бару керектігін ескертеді.
Оқи отырыңыз: Шынайы ниет және қомақты қаражат: Қажылық жасаймын десеңіз, ең алдымен нені білу керек
Анықтама: Қажылық маусымында туроператор ҚР азаматтарын сыртқа шығу туризмі саласындағы құқықтары негізінде САК жеріне ҚМДБ бөлген қажылық орындары бойынша ғана азаматтарды алып бара алады. Қажылық орындарынан тыс адам апару екі ел арасындағы қажылық келісімшартын бұзған болып саналады.
Қажылық виза алу міндетті
Айта кетерлік, заңды қажылық визасынсыз қажылық жасауға қатысты шариғатымыздың көзқарасын білдіретін пәтуалар қабылданған. 2024 жылғы 24 сәуірінде Сауд Арабиясы Корольдігінің Жоғары ғұламалар комитетінің отырысында:
Қажылық визасын алу міндетті, сондықтан қажылық визасын алмай барған адам күнә жасаған болып саналады. Себебі заңсыз жолмен келген қажылар есебінен адамдар саны шектен тыс көп болып, қажылардың қауіпсіздігіне қатер төнеді және олардың ақысына кіріп зиян тигізеді әрі көпшілік мүддесі аяқ асты етіледі, - деп пәтуа жариялады.
Сондай-ақ ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесінің шешімі бойынша қажылыққа тек қажылық визасымен және заңды жолмен бару – міндет. Оны қолдан жасау – харам. Қажылық визасынсыз (туристік, студенттік, жұмыс т.б.) қажылық жасау – күнә болып табылатындығы жөнінде шығарған арнайы пәтуасы бар екендігін де еске салып өтеміз.
Биыл Қазақстаннан ресми 5081 адам қажылыққа аттанады. Олар 5-10 маусым аралығында Саудияға барып, 23-28 маусым аралығында елге оралады деп жоспарлануда.
Қорыта айтқанда, дініміздегі 5 парыздың бірі қажылық – жауапты әрі сауапты құлшылық. Сол себепті жоғарыда аталған талаптар мен ережелерді сақтауға және шариғат бекіткен адалдық жолын ұстануға шақырамыз.