×
443.44
480.51
4.88
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.44
480.51
4.88

«Біз үшін Қуандық өлді» – Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарманмен сұхбат

10.05.2024, 20:10

Дана адам өзгенің қателігінен сабақ алады, ақылды адам өз қателігінен сабақ алады, ақымақ адам өзгенің де, өзінің де қателігінен сабақ алмайды деген халық даналығы бар. Қазақстан қоғамында үлкен резонанс тудырған Бишімбаев ісі бізге нені үйретті? Қандай сабақ алдық, қандай ой түйдік? Бұл туралы Ulysmedia.kz Бас редакторы Самал Ибраеваның Қ.Бишімбаевтың бұрынғы жұбайы Назым Қаһарманмен болған ашық сұқбаттан біле аласыздар.

Әрбір қателік – біздің ұстазымыз

– С.Нүкенованың өлімінен кейін қыз өсіріп отырған отбасылардың ата-анасын уайым басты. “Ертең қызымыз қандай жерге барады, тағдыры не болады” деп алаңдауы заңдылық қой. Қуандықпен 14 жыл отастыңыз. Алғаш үй болғанда, оны да мақтап, міне, “Болашақпен” оқып келген, білімді, мәдениетті жігіт, бақытты отбасы боласыңдар” деп сіздерге де айтқан шығар?..

– Тастай батып, судай сің деген тілек барған әулетіңді өз үйіңдей көр, сол әулетке бала келін болып еніп, дана келін, ел анасы болып шық деген мәнде айтылатын тілек қой. Алайда қазіргі тұрмысты осыдан 200-300 жыл бұрынғы жағдаймен салыстыруға келмейді. Тастай батып, судай сің деген сөз тұрмыстағы қорлыққа шыда, не айтып жатса да, үндеме дегенді білдірмейді. Бұл жақсы сөз, алайда ол әйеліңді ренжіт, келініңді құлдай көр дегенді білдірмесе керек.

– Бізде орыстану саясатының әсерінен отбасы құндылықтары өзгерді. Назым, сіз қазақы тәрбиеде өскенмін деп айтып қалдыңыз. Ата-анаңыз Қызылордадан екен.

– Иә, өзім Алматы қаласында туып-өскенмін. Қазақы тәрбиенің де өз кемшіліктері бар деп ойлаймын. Ұят болады, жұрт не айтады, Жұрттың баласын қарашы өзіңдей…осындай және т.б. түсініктер бар. Медальдің екі жағы бар дегендей, қазақы тәрбиенің де екі жағы бар. Тастай бат дейді, егер түскен жерің дұрыс қабылдаса, келін тастай батады. Ал керісінше болса ше? Мен келін болып түскенде, адал жар, жақсы ана, ата-ененің қабағына қарайтын келін болуға тырыстым. Соған қанша жыл күш-жігерім кетті.

– Өкінесіз бе?

– Жоқ, мен үшін оның бәрі өмірлік тәжірибе болды. Ол болмаса, мен қазіргі Назым болмас едім. Министрдің, кейін зектің әйелі болдым, бәрін көрдім, аяғында өз-өзімді таптым.Үш балам бар. Сондықтан ешнәрсеге өкінбеймін. Өз-өзіңді кінәлау - ұят болады дегеннен шығады. Ол адамның жан-дүниесіне кері әсер етеді. Қателестің екен, өз-өзіңді іштей жеудің қажеті жоқ. Ер, әйел болсын, бәріне айтарым - осы. Өз-өзіне кешіріммен қарау керек. Кім қателеспейді, еш нәрсе істемеген адам қателеспейді. Сондықтан әрбір қателік біздің мұғаліміміз.

Бала көңілі неге суынды?

– 9 қарашада (2023 жыл) БАҚ С.Нүкенованың өлімі туралы хабарлап жатты. Сол хабарды естігенде, қандай күйде болдыңыз? Сендіңіз бе осы ақпаратқа? Мысалы, көбісі Қуандық адам өлтірді дегенге сенбеген.

– Менімен ажырасты, былайша айтқанда менен айрылып қалды. Ол (Қуандық) үйленейін деп жатыр дегенді естігенде, жақсы болған екен, менімен отасқан жылдарда жіберген қателіктерін қайталамайтын шығар, сабақ алды, қорытынды жасайды, өткен жылдардағы минусын, жаңа да айтттым ғой, плюске айналдыратын шығар деп ойладым. Яғни, осы некесінде ол басқаша болады деп үміттенгенмін. Олар аяқтан тұрып кетсін деп тіледік. Балаларға да әкелерінің жаңа келіншегін сыйлаңдар деп айттым. Олар құдалыққа да барды. Онымен (Салтанатпен) дос болсаңдар, тіпті жақсы. Ол папаларыңның таңдауы, біз оның таңдауын құрметтеуіміз керек. Бірақ… наурыз айында (2023) Қуандық Салтанаттың ағасымен төбелесіп қалады. Ол кезде төбелеске не түрткі болғанын білмедім, кейін (сот отырысынан кейін) біліп жатырмыз. Бірақ сол оқиға мен үшін “Қуандық әке ретінде надежный емес” деген сигнал болды. Сондықтан балаларға әкелерінің үйіне қонуға рұқсат етпейтін болдым.

– Сіз сол кезде Салтанаттың қиын жағдайда екенін білдіңіз бе?

– Үйленгендері жаңа, ондай қиындықта жүрді деп үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Оның үстіне Қуандықтың жасы 42-де, ол ақыл тоқтатқан шығар, бәрін түсінген шығар деп ойладым. Маусымда (2023) балалар Шымкентке барған. Қайтып келгенде, әуежайдан күтіп алдым, сол кезде үшеуі маған: “Мама, сен дұрыс шешім қабылдапсың, ажырасқаның дұрыс болыпты” деді. Жаңа жылдың отырыста үстелді төңкерген, Шымкентте де дау-дамай болған, осының бәрін көрген балалардың көңілі суып қалды. Әкелерімен кездесуге құлықты болмай, тренировкам бар, занятиям бар деп әрнені сылтауратып жүрді.

Балаларым бір түнде есейіп кетті

– 9 қараша күні болған қайғылы оқиғаны мен инстаграмнан емес, туған ағамнан естідім. Сол күні жаңалықтарда бұрынғы әйелін өлтіріпті деген хабар да таралып жатты. Оны естіген туысқандарым мені іздеп, бірінен соң бірі қоңырау шалып, телефоным қоңыраудан жарыла жаздады. Мен хабарды сол кезде естідім.

- Таң қалған жоқсыз ба?

- Таң қалдым. Ол әйелін өлтіреді деп ешқашан ойламайтынмын. Мен Салтанатты емес, басқа бір ер адамды өлтіріп алған шығар деп ойладым. Өйткені Салтанаттың ағасымен төбелескен жағдайды айттым ғой жаңа. Мен мұны балаларға қалай айтарымды білмедім. Өйткені олар Салтанатты жақсы көрді. Ол жақсы қыз еді, көңілді, қолы ашық. Қызыма түсіндіру қиын болды. Жылап қалды.

- Осы оқиғадан кейін балалар тез есейген шығар?

- Иә, қызым мен ұлымды ұйықтаңдар деп бөлмелеріне жібердім, үлкен ұлым сабағын оқып отырды. Мен вай-файды өшіріп қойғам, бірақ телефонның интернеті арқылы досы айтыпты оған осы жаманатты хабарды. 14 жастағы ұлым бір түнде 40 жастағы ересек адамдай есейіп кетті.

Абьюзер

- Маған “14 жыл осындай адаммен бірге тұрып, 3 бала туып бердіңіз, неге ертерек кетіп қалмадыңыз” деп сұрақ қойғандар болды. Қуандық үйленген бойда осындай болған жоқ. Бес жылдан кейін өзгере бастады. Абьюзер деген бірден көрінбейді. Ашуланса, заттарды лақтыруды шығарды. Мен ол кезде екінші баламды босанған кезім. Балаларымды алып қоям деп қорқытты. Мен көніп жүре бердім. Ондай адамдар сенің өзіңді кінәлі етіп қояды. Сонымен де бірнеше жыл өте шықты. Содан мен тренингтерге қатысып, кітаптар оқып,білім жинадым. Ажырасу керек деген шешімге келдім. Ол 14 жыл бойы абьюзер болды деп айта алмаймын. Соңғы 7-9 жыл, мүмкін. Әсіресе, министр болғаннан кейін қатты өзгерді. Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, ондай әр отбасында болады. Бірақ біздің отбасымызда ұрыс-жанжалға тек мен ғана кінәлі болып шығатынмын. Себебі олар (абьюзерлер) жауапкершілікті мойындарына алмайды. Мен сол үшін өзімді рухани дамытам деп қанша кітап оқыдым, тренингке бардым, әдемі болып жүруге тырыстым. Сөйтсем проблема менде емес екен. Менде бәрі дұрыс екен. Енді мұны кейін түсіндім ғой. 2014-2017 жылдары ол қатты стрессте жүрді. Ұят болады деген сөз оған жүрмейтін. Адамдардың көзінше айқайлай салатын, бір затты лақтырып жіберетін. Иә, сол жылдары ол үйде де, жұмыста да айналасын стрессте ұстады.

-Бұл тәрбиенің болмауы ма, анасын тыңдайтын ба еді?

- Менің ойымша, мұндай адамдардың проблемасы кешенді проблема. Біріншісі, отбасындағы тәрбие, екіншісі, кішкентай кездегі жан-дүниесіндегі рухани жарақаттары, сосын комплекстері.

- Яғни, бала кезден сондай комплекстері бар ғой?

- Психологтардың айтуынша, абьюзерлік бала кезде алған рухани жарақатынан пайда болады. Бала ұяда не көрсе, өскенде соны істейді.

Әйелін алдаған еркек әлемді де алдайды

-Мен “Бәйтерек” Ұлттық холдингінде жұмыс істеген кезде Бишімбаевтың жап-жас қыздармен іссапарға бірге шығып, көңіл жарастырып жүргенін көрдім. Мұны бүкіл ұжым білді. Сіз онымен некеде болғаныңызда, мұндай жағдайларды білдіңіз бе?

- Үш баламның аралары жақын, яғни тетелес. Ол кездері мен аналық міндетімен аса мән бердім. Айналама зерделеп қарамадым. Қуандықтың ондай әдеттерін шамамен 2015 жылдары білдім. Ол “сен өзің маған көңіл бөлмейсің” деп ақтала бастады. Яғни, мені кінәлі етіп қойды. Мен бұл жағдайды оның ата-анасына айттым. Бірақ мұным қате болыпты. Олардың да ойынша, бәрі әйелден. Менің бір құрбым Лондонда қаржылық институттарда жұмыс істейді. Соның айтуынша, егер топ-менеджер әйелі бола тұра, басқалармен көңіл жарастырғаны белгілі болып қалса, оны қызметінен алып тастайды. Өйткені ол бүгін әйелін алдаса, ертең компанияны, мемлекетті алдайды. Ондай адамдарға сенбейді. Бізде ондай этика жоқ. Патриархалдық жүйе. Еркектерге бәрі болады, ал бәріне әйелдер кінәлі. Мен оның жүрістері жайлы білгенімде, қызым 1 жастан асқан еді. Қаржы жағынан қиналатынымды білдім. Өйткені 3 баланы бағып-қағу деген оңай емес. Ол кезде менің атымда ешқандай мүлік болмады. Мен Қуандыққа менің атыма жаз деп айтқанмын. Оның бір жаман қасиеті бәрін мамасының атына жаза беретін.

-Бұл жалғыз Қуандықтың ғана емес, біздегі шенеуніктердің, бизнесмендердің мүлкі не әкесіне, не шешесіне жазылған.

- Мен ажырасуға бірнеше жыл дайындалдым. Ажырасуға бірнеше себеп болды. Соның бірі - өзгелермен қылтың-сылтыңы. Сосын…мен өзімді дамытып, оның айтқанындай өзгеріп бастағанымда да ол өзгермеді, оның әдеттері, мінезі өзгермеді. Деградация байқадым оның бойынан. Сондықтан ажырасуға бірнеше себеп бар.

Бақылау

- Назым, Қуандық сізді де үнемі бақылауда ұстады ма? Жүрген-тұрғаныңызды қадағалап.

- Анау айтқандай бақылау, қадағалау болған жоқ. Қайда бара жатсың деп сұрайтын. Бұл көбіне қамқорлық мәнде болатын. Мен екінші баламнан кейін жұмысымнан шығып, енеммен жұмыс істедім.

Өкініш

- Қазір ойлап отырсам, сол кездері мен жұмысымнан бекер шығып кетіппін. Жұмыстан шықпауым керек екен. Соның кесірінен қаржылық тәуелсіздіктен айрылдым. Жалпы қазақ қыздары жұмыс істеуі керек. Ол өзі үшін керек. Әйтпесе деградация болады.

Ажырасу

- Ажырасқан кезде сізге ештеңе берілмеді ме? Қуандық түрмеден шыққаннан кейін ажырастыңыздар ғой?

- Мен ол түрмеге отырғанға дейін ажырасатынымды айттым. Мен оған соңғы мүмкіндік бердім. Бірақ ол бір айға да шыдамады. Естіген шығарсыздар, ол маған унитазды лақтырып, дене жарақатын салды. Бұл түрмеден шыққанына бір айдай өткенде болған оқиға еді. Ажырасқанда менде пәтер, көлік қалды. Менде бір клуб болды, ол анасының атына жазылған. Ажырасу кезеңінде ол соны алып қалам деді. Шынын айтсам, маған ол кезде бәрібір болды. Себебі маған бастысы еркіндік еді. Дүние жайлы ойланып жатпадым.

Түрмеге дейінгі және кейінгі Бишімбаев

- Түрмеден кейін Бишімбаев қаншалықты өзгерді?

- Түрме деген санаторий емес, СИЗО-да отырғанда мен де, балалары да барды. Ол жердің аурасы жаман. Бірақ түрмеден кейін Қуандықтың мінезі тіпті жаман болып кетті. Ол үлкен қызметке тағайындалғанда, бірінші сынақ келді оған. Түрмеге түскенде, екінші сынақ. Ол осы екеуінен де өте алмады. Мен оған неге соңғы мүмкіндік бергім келді, түрмеден шыққаннан кейін? Себебі, ол түрмеде отырғанда көп нәрсені түсінген шығар, ойланған шығар деп үміттендім.

Тәрбие тал бесіктен

- Ата-анасы оның білім алуына бар жағдайды жасады, ол сабақта лидер болды, бірақ еш бетінен қақпай өсіргендіктен, өсе келе ол оның мінезіне айналды. Ал министр болған кезінде ол өзін бәрінен жоғары сезінді. Менің қолымнан ешкім қақпайды деп әрекет етті.

- расында ол білімді еді, біз “Бәйтерек” ҰК-да жұмыс істегенде оны кризисті шеше алатын менеджер деп бәрі мойындайтын. Ол дағдарыс сәттерінде жол таба білетін басшы болды. Стратегиялық тұрғыдан ол кісіден үйренетін дүниелеріміз болды. Бірақ адамгершілік жағынан ол кісі “нөл” болды. Ол кісі (Қуандық Бишімбаев) бірінші рет сотты болғанда, “Болашақпен” оқып келген қанша азамат, әріптестері бар, бәрі араша түсті. Сіз де араша түстіңіз. Бірақ ол кісі бір адамға алғыс айтқан жоқ. Мен соны көріп ол үшін ұялдым.  

Есінен тану сәттері қашан алғаш рет байқалды?

- Екінші жағдай, ол кісі министр болған кезде, 4 экономиспен кездесу ұйымдастырдым. Олжас Құдайбергенов, Рахым Ошақбаев, Ғалым Құсайынов, Жарас Ахметов бар. Өзі ұсыныс жасады, осы кісілерді шақыр деп. Кездесетін күні ол кісі Алматыдан келді бір жиыннан. Сағынтаев біраз миын жеген болуы керек, ашулы келді. Қабылдау бөлмесінде 4 экономист күтіп отыр. Бишімбаев анау кісілерді қабылдамай қойды. Қанша айтсақ та, өзімізге айқайлап, қағазын лақтырып… біз шақырылған азаматтардан Бишімбаев үшін кешірім сұрадық. Кейін олар да әлеуметтік желіде жазды ғой. Сол күні кездесуге келмей ме экономистер деп бізден сұрады. Біз “өзіңіз қабылдамай жібердіңіз, кетіп қалды” дегенімізде, ол “менің есімде жоқ, мен олай айтпадым” деді. Қазір ойлап қарасам, сол кездері ол мүлдем басқа адам сияқты болып кететін. Сайтан түрткендей. 

- Иә, ол абьюзердің классикалық әдеті. Ашуланса, көзі ештеңе көрмей қалады, екінші күні одан қамқор адам жоқ. Сондықтан абьюзерден кету қиын. Түзелді деп сеніп қаласың.

- Әке Қуандық қандай?

- Әке ретінде ол балаларына қамқор бола білді. Ұрған емес, бірақ ұрысқаны бар. Керемет әке деп айта алмаймын, бірақ жаман әке болған жоқ. 9 қарашаға дейін. Өйткені жақсы әке адамды өлтірмейді ғой.

- 9 қарашадан кейін балалардың әкесіне деген қарым-қатынасы қалай?

- Өте жаман, олар бәрін біледі. 9 қарашан кейінгі алғашқы айлар өте қиын болды балаларға. Жүректері ауырды. Салтанатты кінәлеп жатқан посттар қаншама шықты. Сондықтан осының бәрін ой елегінен өткізіп, мен желтоқсан айынан бері балаларымның Қуандықпен, оның ата-анасымен кездесуіне тыйым салдым. Себебі өзіңіз де енемнің сұқбатын көрген шығарсыз. Біржақты пікір. Мен балаларымның болашағына уайымдаймын. Олардың мейірімді болып өскенін қалаймын. Сондықтан оларды жаман сөздерден, тәрбиеден қорғауым керек.

-Иә, балалардың психологиясына ауыр салмақ. Ата-анасының ұрысып, жанжалдасып жатқанын көру олардың жанын жарақаттайды.

- Бақытжан жайлы не айтар едіңіз? Мен Бишімбаев сотта өз кінәсін мойындап, қолмен істегенді мойнымен көтеретін шығар деп күткем. Бірақ ол өзін ақтау философиясын ұстанып, ақталып жатыр. Байжановқа жаны ашып жатқандар көп…

- Бақытжанды біраз жылдан білемін. Жақсы азамат. Оның да артында 3 баласы, жары бар. Бұл кезең оның әйелі үшін өте ауыр өтіп жатыр. Бақытжан қазақы тәрбие көрген, үлкеннің жолын кеспейтін жақсы жігіт. Ол ұят болады дегенмен өскен. Осы орайлы сәтті пайдалана отырып айта кеткім келеді. Қазір ұят болады дегенді теріс мағынада пайдаланып жүр. Заңсыздықты көрдің бе, ұялма, айт. Жасырма. Ұят болмайды. Айтпай қалсаң міне, сонда ұят болады. Б.Байжановтың мысалы басқа адамдарға да сабақ болуы керек. Сол секілді қыздарға да айтатыным: таяқ жеп, денсаулығыңды құртып жүре бергенше, ондай адамнан қашу керек. Ұят емес ол.

Қуандық менің балаларымның әкесін өлтірді

- Әлеуметтік желіде сіз жайлы “осы айтқандарын неге кезінде айтпады, ата-енесі туралы осылай айтуға ұялмай ма екен” деген пікірлерді көрдім. Меніңше, сіз осы ашық әңгіме арқылы балаларыңыздың болашағын қорғап жатқан сияқтысыз. Болашақта олар дұрыс адам болып өсуі үшін айтып отырсыз деп санаймын.

- 9 қарашадан кейін әлеуметтік желідегі парақшама көптеген адамнан достық ұсынып, хат-хабар жібергендер көп болды. Мен аккаунтымды жауып тастадым. 40 күн ештеңе айтпадым. Өйткені марқұмның артын күттім. Бұл Нүкеновтер отбасы үшін ауыр қайғы және менің балаларым үшін де өте ауыр қайғы болды. Өйткені 9 қарашада Қуандық тек Салтанатты ғана өлтірген жоқ, менің балаларымның әкесін де өлтірді. Мен солай ойлаймын. Мен 40 күн өткеннен кейін қайғыға ортақ екенімді білдіріп, әлеуметтік желіде пост жаздым. Өйткені менің де қызым бар, ол менің жүрегіме ауыр тиді. Бірақ ақпанның соңында менің қызым туралы, мен туралы қаралау мәндегі ақпарат шықты. Мен Нүкеновтерден ақша алды деп, Салтанаттың ағасы менің қызымды зорламақшы болды деп. Және интернетте біздің отбасымыз жайлы жеке деректер таралды. Балалар туралы. Бұл деген қылмыс қой.

- Сонда мұны кім ұйымдастырды?

- Мен құқық қорғау органдарына арыз жаздым. Олар әлі анықтамады. Бірақ видеомда ол құжаттардың кімнің қолында болғанын ашып айттым. Қазір аттарын атасам, сотсыз, үкімсіз кінә тақсам, олар да әрекетке көшеді.

- Адам өмірін қиған адамның…

- Ол - бір, ал оның позициясы - ешқандай ақтауға келмейтін сұмдық позиция. Менің отбасым, жақындарым, достарым бар, қолдау білдіріп жатыр. Оларға көп рахмет айтамын.

- Алдағы уақытта Назым Қаһарманның жоспары қандай? Балаларыңызға көңіл бөлесіз. Ұлыңыз хоккей ойнайды…

- Ұлым хоккей командасында қақпашы. Сот өтеді. Аппеляция болады. Тағы да соттар. Әйтеуір бәрі аяқталар. Бірақ бұл трагедия балаларға тез бітпейді. Өте ұзақ уақыт жан жарасы жазылмайды. Қазір психологтар жұмыс істеп жатыр. Оның үстіне бұл олардың жасөспірім шағы. Менің бар күш-жігерім олардың жақсы адам болуына жұмсалуда.

- Бүгінгі айтылған әңгіме жерде қалмайтынына сенім білдіреміз. Көзіқарақты көрермен пайдасына жаратар. Ашық сұқбатыңыз үшін көп рахмет!

Серіктес жаңалықтары