10 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылының тұрғыны Жанат Кәрібаеваның үйін полиция тінтіп, ұялы телефонын тәркілеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Азаттыққа сілтеме жасап.
“Телефонымды алып кетті”
Жанат Кәрібаеваның өзі мұны “ауыл іргесінде салынып жатқан алтын өндіретін фабрика құрылысына қарсылығымды тоқтату үшін жасалып жатқан қысым” деп санайды.
Азаттықтың хабарлауынша, полиция тұрғынның жатын бөлмесінен бастап монша, қора-қопсысына дейін тінтіп шыққан.
– Өткен айда бізді “тіркелмеген бірлестікке қатысты” деп айыптаған болатын, ауыл адамдары құрған сол қоғамдастықтың мөрін іздеп жүргенін айтты. Тінтуден түк шықпағаннан кейін тағы бірнеше адамның үйін тінтетінін айтты. Телефонымды алып кетті. Кейіннен құқық қорғаушылармен сөйлескенімде телефонды адвокатсыз бермеуге құқығым бар екенін бір-ақ білдім, — деді Жанат Кәрібаева.
Ол тінтуден кейін өзін ауыл әкімдігі ғимаратына апарып сұрақ-жауап алғанын айтты.
— 8 мамырда ауыл адамдары фабрика құрылысын тоқтатуды талап еткен болатын. Сол жерге неге барғанымды сұрады. Бұған дейін фабрика жұмысшылары дене жарақатын алды деп хабарлаған еді, “кім соққанын көрдің бе, телефон видеосына түсірдің бе?” деді. “Фабриканың жоғалған заттары бар екен, көрмедің бе?” деді. Шынымды айтсам, білмейді екенмін. Айналып келгенде мұның бәрі ауыл іргесінде салынып жатқан алтын өндіретін фабрика құрылысына қарсылығымды тоқтату үшін жасалып жатқан қысым, — деді Жанат Кәрібаева.
Полицияның ауылға барған сәтін Маралды тұрғындарының өзі әлеуметтік желіде жариялап жатыр. Онда өзін “Күршім аудандық полиция бөлімінің аға анықтаушысымын” деп таныстырған адам тінтуге аудандық тергеу судьясының қаулысы бар екенін айтады.
Арнайы жасақ келген
Маралды ауылында жергілікті жұрт биыл 8 мамырда алтын өндіруді көздейтін кәсіпорын алдына тағы жиналған. Бұл жолы ауылға «Байтақ» партиясының өкілдері барған. Партияның ауылдағы жиыны Мәдениет үйінде емес, сыртта өтіп, артынша тұрғындар тау үстіндегі кәсіпорынға жеткенде алдынан компания басшылығы мен автомат асынған арнайы жасақ шыққан.
Осы видео әлеуметтік желілерде талқыланды. Толығырақ не болғанын әрі неге дауға нүкте қойылмай келе жатқанын Ulysmedia.kz тілшісі анықтап көрген еді.
Дау басылар емес
Осылайша, Маралды ауылындағы алтын дауы өршімесе басылар емес. Былтыр 19 шілдеде маралдылықтар мен алтын зауыты «күзетшілері» арасында болған қақтығыстан кейін 25 шілдеде ауылға тағы да индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі және облыс, аудан әкімдігі билігінен өкілдер барған. Алайда министр, облыс әкімі деңгейіндегі шенеуніктер Маралдыға әлі де аттап басқысы келмейді. Ал ортаңқол шенеуніктердің келгенінен «пайда болмады» деген маралдылықтар одан кейін де президентке үндеу жолдаған.
Маралдылықтар «алтын шаятын қоспалар экологияны ластап, өзенді былғайды, өндірісті қолданылатын цианид халықтың денсаулығына кері әсер етеді» деп есептейді. Ал компания басшылығы оны жоққа шығарып, жұмысты талапқа сай істейтінін айтады.
Маралды ауылының іргесінде Maralicha және Maralicha-Gold деген тау-кен кәсіпорындары жер қойнауын барлап, «ВСАМ Продакшн» компаниясы сол жерге алтын өндіретін фабрика салуды көздейтіні хабарланған. Ал Азаттық басылымының тілшілері фабрика салатын компания иелерінің бірі, кәсіпкер Айдын Рамазановтың Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметінен таяуда босаған Даниал Ахметовтің ұлымен бизнес-серіктес екенін анықтаған.
Былтыр шілдеде ауылдағы халықтың алтын зауытындағылармен текетіресі қантөгіске ұласа жаздаған. Ulysmedia.kz тілшісі 19 шілдеде Маралдыда болған оқиғаны өз көзімен көріп, портал бетінде баян еткен еді.