Бүгінде мектеп оқулықтарын цифрлық форматқа көшіру процесі 100% орындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, барлық оқу материалдары мемлекеттік сараптамадан сәтті өтіп, оқу-әдістемелік кешендер тізіміне енгізілген. Цифрлық оқулықтар елдің 13 баспасы ұсынған 11 платформада әзірленіп жатыр.
Оқытудың инновациялық әдістерін енгізу үшін педагогтерге арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленді. Мұғалімдер онлайн-ресурстармен жұмыс істеу дағдыларын арттыра отырып, сабақтарда цифрлық технологияларды, онлайн-коммуникацияларды белсенді пайдаланады, - деді Оқу-ағарту министрлігі білім сапасын қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова.
Сонымен қатар робототехника, STEM, химия, физика және биология бойынша 1 345 заманауи кабинет ашу жұмыстары жалғасып жатыр.
Жыл соңына дейін еліміздің 20 өңіріндегі 1 072 мектеп заманауи кабинеттермен жабдықталатын болады.