Ал азаматтар мектеп жабылатын болса балаларымызды қайда оқытамыз деп алаңдаулы, Ulysmedia.kz деп хабарлайды Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Мектеп жабылады
Қаратал ауданына қарасты Ұмтыл ауылының халқынан маза кеткен. Азаматтар ауылдағы бастауыш мектептің жабылатынын естіген.
Халықпен кездесуге келген аудандық білім бөлімінің басшысы «нысан заманауи талапқа сай емес, спорт залы, асханасы жоқ, сондықтан мектепті жабу керек» дейді. Ол оқушыларды алдағы оқу жылынан бастап іргедегі Жаңаталап ауылында оқытуды ұсынды. Алайда бұған ата-аналар үзілді-кесілді қарсы.
Далада ит-құс көп, естіп, уайымдаймыз. Кейде көлік бар, кейде жүрмейді, – деді Ұмтыл ауылының тұрғыны Сандуғаш Қасымова.
Баламды жібере алмаймын. Бес балам бар, екеуі мүгедек, мектеп жабылмасын, – деді Ұмтыл ауылының тұрғыны Ақжамал Теміржанова.
Ауылдағы бастауыш мектеп 22 жыл бұрын ашылған. Қазір 15 бала оқып жатыр. Төрт мұғалім жұмыс істейді. 2020 жылы бюджеттен 5 млн теңге бөлініп, нысанның есік-терезесі, едені ауыстырылып, ыстық және суық суы тартылған.
Басым бөлігі – жас отбасы
Бүгінде Ұмтыл ауылында 200-ге жуық тұрғын бар. Басым бөлігі – жас отбасы. Олардың дені мал шаруашылығымен айналысады. Азаматтар мектеп жабылатын болса ауылдың да болашағы бұлыңғыр деп алаңдаулы. Ал саладағылар білім сапасын жақсартуға ниетті. Олар балалардың ары-бері қатынап оқуына жағдай жасалатынын айтып, сендірді.
Біз ол балалардың қауіпсіздігі үшін, жаңа автобус беріп отырмыз, кезекші мұғалім болады. Жоғарғы сынып оқушыларын тасымалданып келе жатыр. Балалардың білім сапасын жоғарлату үшін осындай қадамға барып отырмыз, – деді Қаратал аудандық білім бөлімінің басшысы Жандос Тенебаев.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл облыста 22 бастауыш мектеп жабылады. Ал білім нысандары жергілікті әкімдіктің балансына берілмек.