Әнші Бауыржан Исаев екі мыңыншы жылдары шығармашылығына дөкей адамдар шектеу қойып тастағанын алғаш рет айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«ХабарLike» бағдарламасына келген әнші жоғалып кетуінің екі себебін айтты.
«Біріншісі – әншілер міндетті түрде музыкалық білімді болуы керек. Жас кезімде 1994 жылы шығармашылығымды бастаған кезде консерваторияны бітірем деген мақсат болатын. 1994 жылы Шымкентте музыкалық колледжге түсіп, 1998 жылы бітіріп, сол жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияны бітірдім. Шетелге дәріске кеттім. 10-12 жыл білім іздеп өтті», - дейді ол.
Екінші себебі негізгісі болса керек.
«Шынымды айтайын, бірінші рет айтайып деп отырмын бұл ақпаратты. Негізі екі мыңыншы жылдары менің шығармашылығыма ресми түрде шектеу қойылған болатын. Ол кісілердің атын атамай-ақ қойсам да болады. Ол кісілер бірнеше жыл бұрын дүниеден озды. Сол кезед ресми түрде Бауыржан Исаевтың шығармашылығыан шектеу қойылып, кәдімгідей тыйым салынған. Бүкіл өңірлерде облыс әкімдеріне қоңырау шалып, менімен жұмыс істемеуді бұйрық ретінде шығарған болатын. Мені концерттерге шақыруды қойды. Бүкіл Қазақстандағы радиолардан, теледидарлардан әндерімді, клиптерімді алып тастаған болатын.
Қатты қиналдым. Студент кезім. Пәтерге төлейтін ақшам, тамақ алатын ақшам жоқ болатын. Сол кезде бірінші рет 2001 жылы бір таныстарым тойға шақырды. Ол кезде гонорарды да білмеймін. Сол кезде алғаш рет тойға шықтым. Жайлап аяққа тұрдық», - дейді ол.
Әнші неліктен бұлай болғанын ашып айтқан жоқ.
«Кісенмен консерваториядан алып кеткен кездер болды. Оны халық білмейді. Алматы қаласының ішкі істер департаментінде отырдық. Сол кезде бір ағамыз алып шыққан болатын. Шүкір, бұл сынақтан да өттік.
Сол кісілердің дәуірі ұрып тұрған кезі ғой. Үш-төрт жылдай сахнаға шыға алмай жүрдім. Түркістан қаласында жүрген кезде марқұм Арман Дүйсенов ағамды кездестірдім. Ол маған қатты көмектесті. Сол кісініің көмегімен 2012 жылы «Ата-анама арнау» атты екінші күйтабағым шықты. Сол күйтабаққа кірген 17 әннің 14-нің авторы Арман Дүйсенов», - дейді ол.
Бауыржан Исаев десе де шүкірлік етеді. Халық әлі өзі айтатын әндерін әлі тыңдайтынын айтады.