Бұл туралы Мәжіліс кулуарында ІІМ басшысының бірінші орынбасары Марат Қожаев мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– Ол кісі бойынша біздің қалалық тергеу департаментінде екі іс бар. Тергеліп жатыр. Біріншісі “қорқыту”, екіншісі “сот шешіміне зиян келтірмеу” мәселелері бойынша қаралуда. Кінәлі адамдар анықталады, – дейді Марат Қожаев Мәжіліс кулуарында.
Жоғарғы соттың мәліметі
Астана полиция департаменті бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісін қарайтын судья Айжан Құлбаеваға жасалған қоқан-лоққы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған еді. Ақпаратты Қазақстанның Жоғарғы соты таратқан.
- Судьяның ұялы телефонына белгісіз нөмірден қоңыраулар мен қорқыту хабарламалары түскен. Қылмыстық кодекстің 407-бабының 1-бөлігі (Сот төрелiгiн жүзеге асыруға кедергi жасау мақсатында соттың қызметiне араласу) бойынша сотқа дейінгі Іс жүргізу басталды. Судья, жеке қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілді, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, интернет кеңістігінде жүргізілген мониторинг барысында судьяға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық іс-әрекеттері бар көптеген жағымсыз жарияланымдар анықталған. Тексеру іс-шараларының нәтижелері бойынша тергеу органы Қылмыстық кодекстің 411-бабының 1-бөлігі (Судьяға жала жабу) бойынша қылмыстық іс қозғаған.