Мүмкіндігі шектеулі жандарға жеңілдіктердің жаңа түрлерімен қамтуға қатысты заң жобасын сенаторларға бүгінгі отырыста Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов таныстырды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Заң жобасы бойынша баланың денсаулығының бұзылуы мен тіршілікке әрекетінің шектелуі дәрежесін ескере отырып, 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделген. Аталған шара, ведомство басшысының пікірінше, көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде балалар ауруының ауырлығына байланысты жәрдемақы мөлшері бөлігінде саралауға мүмкіндік береді.
Бұл ретте барлық топтағы мүгедек балалардың жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылмақ. Бұл шара мүгедектер санатындағы 30 мыңнан астам баланы қамтиды.
«Қазіргі уақытта мүгедектігі бар балалар ата-аналары ажырасқан кезде бір мезгілде алименттер мен мүгедектігі бойынша жәрдемақы ала алады. Алайда бір немесе екі ата-ана (асыраушы) қайтыс болған жағдайда бала мүгедектігі бойынша не жәрдемақы, не асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы ғана ала алады. Осы норманы күшіне енгізсек, 2 мың бала мүгедектігі бойынша жәрдемақымен қатар (мөлшері 41 163 – тен 48 023 теңгеге дейін) асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыны бірге ала алады (мөлшері 12 063-тен 29 500 теңгеге дейін)», - деп түсіндірді Шәпкенов.