Көлік министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жөндеу жұмыстарын жүргізуі жоспарланған 54 теміржол вокзалы бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Көлік министрі Марат Қарабаевтан Мәжіліс кулуарында Қазақстандағы теміржол вокзалдары қашан ретке келтірілетіні сұралған. Журналистер вагонға қарттар мен балалар өздігінен көтеріле алмайтын станциялар бар екенін атап өтті.
Бұл ретте ҚТЖ-ға кеңес беретін неміс DB Engineering & Consulting GmbH инфрақұрылымды түзей алмайтыны жөнінде ақпарат берген.
Жауап
– Тағайындалған компанияның алдында инфрақұрылымды жаңарту міндеті тұрған жоқ. Инфрақұрылым бойынша мен бұрын жауап бердім: біз қосымша жолаушылар вагондарын, локомотивтерді сатып аламыз. Теміржол вокзалдарының инфрақұрылымының өзі: бір бөлігі әкімдіктердің меншігінде, бір бөлігі - ҚТЖ-да. Олар әртүрлі әдістермен жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Мен бұрын айтқанмын, бізде жөндеу жоспарланған 54 вокзал бар. Биыл Шымкент пен Түркістан аяқталады.
Компанияға келер болсақ, бұл оның бейіндік жұмысы емес. Онда тағы бір міндет – логистиканы қамтамасыз ету бар. Сондай-ақ компанияның халықаралық тәжірибесі бар. Вагондарды жеткізушілермен келіссөздер процесіне олар тек қатысты. Соның арқасында ҚТЖ кірісіне 4 млрд теңге түсті, - деді министр.
Былтыр "Жолаушылар тасымалы" компаниясы неміс DB Engineering & Consulting GmbH компаниясымен келісім жасасқан еді. Енді Германиядан келген мамандар біздің топ-менеджерлерге кеңес береді. DВ engineering & Consulting GmbH жүк логистикасы саласындағы әлемдегі жетекші бес компанияның қатарына кіретін Deutsche Bahn AG ірі теміржол концернінің еншілес кәсіпорны.