×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Альпинист Борашева Эверест шыңына алып шыққан Туды Тоқаевқа тарту етті

01.06.2024, 14:58
Альпинист Борашева Эверест шыңына алып шыққан Туды Тоқаевқа тарту етті
Ақорда

Президент альпинист Анар Борашеваны қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Ақорданың ақпараты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Анар Борашеваны әлемдегі ең биік Эверест шыңын қазақ қыздарының арасынан бірінші болып бағындыруымен құттықтады. Президент оның осынау айтулы жетістігі жастарды спортпен шұғылдануға жігерлендіргенін айтқан. Мемлекет басшысы спорттың мұндай қиын әрі қауіпті түрімен айналысу үшін асқан ерік-жігер, төзімділік, сондай-ақ психологиялық және физикалық дайындық керек екеніне назар аударды.

Борашеваның жетістіктері

Анар Борашева тауға өрмелеумен 2015 жылдан бері айналысып келе жатқанын, ал альпинизмнің қыр-сырын кәсіби түрде соңғы 4 жыл ішінде меңгергенін айтты. Эверестке дейін ол көптеген шыңды бағындырып үлгерген. Оның ішінде Альпі тауларындағы Монблан шыңы мен Африкадағы ең биік Килиманджаро тауы бар. Әңгімелесу барысында альпинист алдағы уақытта әлемдегі ең биік жеті шыңды бағындыруды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Сыйлық

Сондай-ақ альпинист мемлекет басшысына Эверест шыңына алып шыққан Қазақстан туын сыйға тартты. Қасым-Жомарт Тоқаев отандық спортшылар әртүрлі халықаралық додаларда ел намысын лайықты деңгейде қорғап жүргенін атап өтіп, Анар Борашеваның алдағы уақытта жаңа биіктерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.

Эверест

Анар Бурашева "Kazakh Everest Team" командасының құрамында Эверестке шыққан еді. 

8000 метр биіктікке шығу кезінде экспедициялардың көпшілігі кері қайтқан. Тек бес елдің альпинистері Эверестке сәтті көтеріле алды. Олардың қатарында біздің отандастарымыз да бар. Тарихта әлемнің ең биік шыңына шыққан алғашқы қазақ қызы Анар Бурашева болды. Ал оның серігі альпинист Мақсат Жұмаев бұл шыңды осымен үшінші рет бағындырып отыр. 

"Kazakh Everest Team" командасының ең биік шыңға өрмелеп шығуына  бес тәулік уақыт қажет болыпты.Эверест шыңында "Kazakh Everest team" спорттық-патриоттық экспедициясының қатысушылары Анар Бурашева мен Мақсат Жұмаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтерді.