Ел ішінде есімі белгілі имам Жарқын Мырзатаев Қазақстанда қабылданған әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау туралы заң елде ажырасу жағдайларын көбейтеді деп есептейді. Ол бұл туралы боксшы Айдос Ербосынұлының ютуб-парақшасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Имам не дейді?
– Ата-дәстүріміз керемет еді ғой. Әйел адам еркекке бағынғаннан қор болған жоқ-тұғын. Бірақ мына заңда баланы зорлық-зомбылықтан құтқару, әйелді құтқару деген сөз... Біз мектепте ұстаздардан таяқ жедік. Ол кезде біз үйдегілерге айтып бармайтынбыз. Сол кезде ашулатанбыз. Кейін рахмет айттық қой. Ұстаздарымыздан таяқ жегеннен кейін білімін алған жоқпыз ба? Үйде отырған кезде балам қателессе, құйрығынан шақ еткізіп ұра алмасам, несіне әкемін? Мен ұрам баламды. Балаң өрескел қателік жасап жатса, баланы шапалақпен құйрықтан ұру керек болады, – дейді имам.
Жарқын Мырзатаев бала әке-шешеден, ұстаздарынан қорықпағаннан кейін өздігімен білім алып, дамымайды.
– Онсыз да қазіргі жастарды телефон тәрбиелеп жатыр ғой. Бұл заң қабылданбаса екен деп ойлаймыз, – дейді ол.
Имам бұл заң ажырасуды көбейтетінін айтады.
– “Осырақ шалым артық” деген баяғыдағы апаларымыз қандай еді, ә!? Күйеуіңді соттатып, жесір болып, неменеңмен жетіспексің!? Қартайған кезде ата мен апа боласың. Бала-шағаң көп жағдайда қарамайды сол кезде. Өзінің бала-шағасына әлек болып кетеді. Екеуің отырасың жыбыр-жыбыр етіп. Бір-біріңе керек боласың. Байыңды соттатып, жесір қылып, не бақытты күн кешпексің?! Әйелдердің өздері де “шайтанымыз қойған кезде әйт деп тұратын еркек керек” дейді. Еркегіңді соттатып жібергеннен кейін шайтаның сені толығымен билейін деп тұр ғой, – дейді ол.
Жарқын Мырзатаев әкенің шапалағын, мұғалімнен ұрсыс істеп көрмеген балалар ертең әскерге барып, жаумен соғыспайды дейді. “Біз балет бишілерін дайындап жатырмыз” деп есептейді.
Көп талқыланған заң
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына өткен айда қол қойған еді.
Ақорда мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырғанын еске салады.
Енгізілген түзетулер қоғамда қызу талқыланды. Парламент палаталарының отырыстарына Ұлттық құрылтай мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдері және Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл қатысты.
Енгізілген нормалар
Әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді:
Заңдардың мәтіні баспасөзде жарияланған.