×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Балалардың өміріне балта шапқым келмеді – мұғалім мектептен неге кеткенін ашық айтты

02.06.2024, 10:58
Балалардың өміріне балта шапқым келмеді – мұғалім мектептен неге кеткенін ашық айтты

Әлеуметтік желіде танымал Күләйхан Сәлімбаева атты қолданушы мектептен не үшін кетіп қалғанын айтты. Ол аралас мектепте тәрбие жөніндегі меңгеруші болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Неге мектептен кетіп қалғанымды айтайын ба? Иә, өмірімді жақсартқым келді, иә, бизнес жасайын деп кеттім. Бірақ одан да үлкен себебі бар. Одан үлкен себеп – балалардың өміріне балта шапқым келмеді. Мектеп балаларды қалыпқа салып, солдат сияқты автоматты түрде бұйрықты орындайтын адам шығарып жатыр. Үкіметтің айтқанын орындап, тұр десе тұрып, жат десе жататын адам шығарып жатыр. Мектептегі тәрбие де, оқу да солай. Мектепте балаға өмірде өз орнын табуды, кәсіп жасауды, ақша тауып жаратуды, үнемдеуді, оны көбейтуді үйретпейді. Ондай сабақ жоқ. Ондай сабақ болған күннің өзінде оны оқытатын адам жоқ», - дейді ол.

Бұрынғы мұғалім ұстаздардың өздері ақша жарата алмайтынын, себебі өздері еркін емес екенін айтады.

«Балалар тек ойында оқу бітіріп, өкіметке жұмысқа кірсек деген балаларды мектеп шығарып жатыр. Балаларыңыз өте жасық болып жатыр. Қатаң бұйрықпен өсіріп жатырмыз. Маған ол ұнамады. Өзім аралас мектепте істедім. Орыс сыныптарында меңгеруші болдым, соларға сабақ бердім. Қазақ және орыс балаларды конфликтілер болады. Қазақ балаларының аузыны жабамыз. Сен «үндемей-ақ қойшы, сен мақұл дей салшы» дейміз. Орыс сыныптарының балалары «скандальный», арыз жазып жібереді. Балалардың еркіндігін осылай сындырамыз, жасық қыламыз, намыссыз қыламыз. Соған жүрегім ауырады. Басы-қасында жүрген соң білемін. Басқа амал қыла алмаймын», - дейді ол.

Күләйхан Сәлімбаева мектептен кетіп, «қылмысқа ары қарай атсалысқым келмеді» дейді. Қазақ балаларының намысты, еркін, іскер, бір-біріне жанашыр, әр қазақ жалғызым дейтін балаларды өсіргісі келгенін айтады.

«Маған бұзық балалар ұнайды. Мұғалімнің тілін алмайтын, сабақтан қашып кететін, сөз қайтаратын балалар ұнайды маған. Біз олардың аузын жабамыз. Сағын сындырамыз. Сөйтіп, жасық қылып, өсіріп жатырмыз. Сондықтан, мектеп бермесе, балаға керектісін өздеріңіз беріңіздер. Өздеріңіз білмесеңіздер, үйреніңіздер! Айтқан тілді алып, білмесеңіз, біліңіз. Бала еркін болсын. Біз қазақ, еркін даланың баласымыз. Қазір не болдық? Тордағы торғай болдық. Сондықтан, өздеріңіз торда отырсаңыздар, балаларды да сол торға қамамаңыздар. Бәрімен аралассын, ел көрсін, жер көрсін, үйренсін», - дейді ол.

Желідегі осы видеоны қолдап жатқандар да, қарсы пікір білдіріп жатқандар да бар.