Өзбекстан имамдарына әлеуметтік желіде уағыз айтуға, жазбаларға лүпіл басуға тыйым салынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Орталық Азия жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
27 Мамырда Өзбекстан мешіттерінің барлық имамдары әлеуметтік желілерге кірмеу және әлеуметтік желілердегі жазбаларға "лайк" қалдырмау туралы ескерту алған.
Ташкент қаласы бас имамының көмекшісі Ергаш Рустамов Telegram арқылы аудандардың бас имамдарына жолдаған аудио үндеуінде әлеуметтік желілерде сөйлеген сөздерін қатаң бақылау туралы айтқан.
«Сәлеметсіздер ме, құрметті аудандық мешіттердің имам-хатшылары! Біздің келесі нұсқауымыз әлеуметтік желілерде сөйлеуге тыйым салуға қатысты. Біз бұл мәселені қатаң бақылауға аламыз. Бұл қажылық жасайтындарға да қатысты. Имам хатибтер бұл ақпаратты өз орынбасарларына және барлық басқа адамдарға жеткізуі керек. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі кез келген жазбаны оқығаннан кейін лайк басуға тыйым салынады. Барлық имам-хатибтер бұл ақпаратты өз орынбасарларына жеткізіп, бұл мәселені қадағалауы керек», – делінген Ергаш Рустамовтың аудио хабарламасында..
Имамдар Діни басқарманың шешімін олардың қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту деп түсіндірді.
Қауіпсіздік аты-жөнін құпия ұстауды шешкен Ташкент имамы имамдардың интернетке шығуын шектеу ар-ождан бостандығы туралы заңға қайшы келетінін айтты.
"Олар бұл мүфтидің бұйрығы дейді. Біздің қол-аяғымызды байлап жатыр", - деді Ташкенттік имам.
Желі қолданушы Ардақ Қатарбаев: “Қалай ойлайсыздар, бізге де осы тәсілді қолдану керек пе?” деп жазған.
Пікір қалдырған азаматтардың әртүрлі. Бірі “Өзбектер дұрыс жасайды” десе, енді бірі “Басқа да өзекті тақырыптар жоқпа? Айналып келіп бәрі имамдарға тиіседі!” деп пікір қалдырған.
Бұған дейін
Ел ішінде есімі белгілі имам Жарқын Мырзатаев Қазақстанда қабылданған әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау туралы заң елде ажырасу жағдайларын көбейтеді деп есептейтінін айтқан еді.
Мешіттегі оқиға
Еске салсақ, Шымкент қаласындағы «Abdusattar» мешітінде намаз оқып жатқандар арасында төбелес болған еді. Бұл оқиға қоғамды дүр сілкіндірген болатын.
Имам «намаз үстінде «Әмин» деген сөзді дауыстап айтуға болмайды» деп ескерткен. Алайда бұл ескертуді елемеген бір адам «әмин» деп дауыстап айтқан. Бұған шыдамаған біреу әлгіні бетінен ұрып, шалқасынан түсіреді. Желі қолданушылары оқиғаны қызу талқылады.
Көп өтпей Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Оқиғаның қалай болғанын мешіт имамы айтып берді.
Белгілі дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы өзінің facebook-парақшасында еліміздегі дін айналасында болып жатқан оқиғалар туралы пікір білдіріп, мешіт жамағатының діни сенім тұтастығы жоғалып бара жатқанын айтқан.