Ресей тарапы Қазақстан аумағында жылу электр орталықтарының құрылысы 2025 жылда ғана басталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл жайлы журналистерге ресейлік "Интер РАО" компаниясының басшысы Сергей Дрегвал ПМЭФ-2024 іс-шарасында хабарлады.
– Құрылыс 2025 жылы басталады. Біз келісімшарт бойынша жабдықты жеткізіп, құрылысты қадағалаймыз. Мердігер болмаймыз. Ресейлік жабдықты, соның ішінде UTS-ті жеткізуге тырысамыз, - дейді ол.
Еске сала кетейік, Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Көкшетауда ЖЭО құрылысы 2024 жылдың жазында басталуы мүмкін деп мәлімдеген еді. Ол тараптар бұл мәселеде үлкен жетістіктерге жеткенін айтқан.
Қазақстандағы ЖЭО
Бұған дейін Қазақстан Үкіметі ҚР мен РФ арасында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмір жылу электр орталықтарын салу жобалары туралы келісімге қол қойған болатын.
Қазақстаннан тапсырыс беруші – Самұрық-Энерго АҚ. Ресей тарапынан бұл жобаға ИНТЕР РАО-Экспорт, Интер РАО компаниялар тобы қатысады.