Астанада бірнеше күн бұрын жылдағы дәстүр бойынша жетінші рет қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың форумы өтті. «Болашақтың дидары. Жаңа технологиялар және медиа» тақырыбындағы іс-шара биыл да АҚШ Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған. Форумға келген медиасарапшылар, журналистер, блогерлер және түрлі саланың мамандары бір алаңға жиналып, саланың тың мүмкіндіктерін талқылады.
«Еңбекті жоғары бағалаймыз»
Форумға жүздеген адам алдын ала тіркелген. Әуелі сөз сөйлеген АҚШ-тың Уақытша сенімді өкілі Джуди Куо қазақтілді контент жасаушылардың еңбегін жоғары бағалап, олардың Қазақстанның медиа кеңістігін ілгерілетуге қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Ол Қазақстанның жас мемлекет ретінде өркендеуі үшін өзінің бай мұрасының тілдік және мәдени дәстүрлерін қабылдап, құндылықтардың ХХІ ғасырдағы өркениетпен үйлесім табатынына сенімді екенін айтады.
– Бүгін де демократиясы артқан Қазақстан Орталық Азияның күшті державасына айналып, бейбітшілікке жол бастайды. QAZAQFORUM – АҚШ-тың қазақтілді медианы қолдау бағыты бойынша маңызды шарасы. Қазақтілді контент жасаушылардың еңбегі Қазақстанның медиа кеңістігін ілгерлетіп қана қоймайды, қазақ тілінде ақпарат пен танымды контентті тұтынып жатқан өскелең ұрпақтың сана-сезімін қалыптастыру үшін өте маңызды, – дейді ол.
Болашақ технологиялары
Сессияның маңызды бөлігін жүргізген Халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорының директоры Қарлығаш Жаманқұлова маңызды сұрақты жиналғандардың талқысына салды. Бізді түбегейлі өзгерістер күтіп тұр ма, әлде жаңа мүмкіндіктерді шемішкедей шағып, бірге игеріп, елімізді одан әрі күшейте аламыз ба?
«Әрине, болашақты болжау – оңай шаруа емес. Бұл процесарқылы біреуді пессимист, ал біреуді арманшыл етіп көрсетуге болады. Сонда да, тырысу қажет. Себебі, ел ретінде, қоғам ретінде бізге ең қолайлы болашақ сценарийлерді ашық талқылау арқылы ғана біз үйлесімді өсудің балансын қамтамасыз ете аламыз», - дейді ол.
Бір топ спикер осы мәселе жөнінде пікірін айтты. АҚШ-тан арнайы келген The Atlantic Council талдау орталығының Digital Forensic Research Lab аға ғылыми қызметкері Эмерсон Брукинг Қазақстанға асыға жеткенін атап өтті. Сөзінше, әлемде жаңа технология кейде мәдениетті жоя алады, ал мұндағы адамдардың мәдениетті сақтау үшін технологияны пайдалана алатыны өзіне өте қызықты.
«Қазақы ойланатын жасанды интеллект болмайды»
Форумның басты тақырыбының бірі – жасанды интеллекттің (ЖИ) медиа саласындағы рөлі болды. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың дамуы отандастарымыздың өміріне қалай әсер ететіні жөнінде ойын ортаға салды.
«Смартфондардың өміріміздің ажырамас бөлігіне айналатынын білдік пе? Жасанды интеллект те дәл солай біртіндеп тұрмысымызға еніп келеді. Тіпті шынайы өмір мен виртуалды әлемнің ара-жігін ажырату қиынға соғып барады. Жасанды интеллектіден туындайтын қауіп-қатерді ұмытпаған жөн. Алдағы уақытта ЖИ адаммен санаспай, өзі шешім қабылдайтын деңгейге жетуі мүмкін. Біз бұған дайын болуымыз керек», – дейді Тұқымов.
Бұрын ЦАРКА мен «Зерде» мекемесін басқарған Арман Әбдірасылов қазақы ойланатын жасанды интеллект болмайтынын айтады.
«Қазақы ойланатын жасанды интеллект болмайды. Себебі білім, ақпарат аз. Сондықтан, қазақша сөйлейтін жасанды интеллекттің болашағы зор. Ол қазақ тілінде өте жақсы сөйлеуі мүмкін, бірақ өз тілінде ойланып, содан кейін ғана қазақ тіліне аударып бере алады», - дейді ол.
Maqsut Narikbayev University халықаралық журналистика мектебінің деканы Айгүл Жамалова жасанды интеллект жалған ақпарат таратады деген қауіптің негізі жоқ деп есептейді. Ақпаратты алдымен, журналистер тарататындықтан, әркім өз мәліметіне жауапты болуы керектігін ескертеді.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының төрағасы Нұрбек Мәтжанидің айтуынша, жасанды интеллектке қатысты үрейлер табиғи құбылыс, бірақ оны дұрыс пайдалану керек.
«Адамзат қашан да жаңалықтарға үрке қарап келеді. Сол секілді жасанды интеллектке де қауіппен қарауымыз заңдылық. Бірақ мен оған оң көзқарастамын. Дұрысынан пайдалана білсе, зиянынан пайдасы көп, тіпті қиялымыз жетпеген дүниені іске асыруға мүмкіндік береді, – деді ол.
Тың мүмкіндіктер
Форум барысында Experts Hive & Digital Hive қауымдастықтарының негізін қалаушы Наргиз Батыршаева күнделікті өмірде нейрожелілер мен промптарды қолданудың әдістерін көрсетті. Бұл көрсетілімдер қатысушыларға жаңа идеялар мен шығармашылық мүмкіндіктерін ашты. ЖИ-дің мүмкіндіктерін көрсету мақсатында форумда Davai.Sxodim медиа жобасының негізін қалаушы Бақдаулет Бекжанов арнайы шеберлік сағатын өткізді. Ол ЖИ арқылы контент жасаудың жолдарын көрсетіп, қатысушыларға бұл технологияны өз жұмыстарында қалай пайдалану керектігін айтады.
Сонымен қатар, Qazaqforum ұйымдастырушыларының бастамасымен және оралдық журналист Еркін Қариннің жетекшілігімен түсірілген Батыс Қазақстан облысындағы су тасқыны туралы 360 форматтағы арнайы репортаж форумға қатысушылар назарына ұсынылды. Репортаж 1 мамырда Астанадан арнайы жіберілген түсірілім тобының көмегімен түсірілген. Жоба мақсаты – 360 форматта репортаж жасауды қолданысқа енгізу және медиа өкілдерін жаңа технологиялармен таныстыру болып отыр.
Жаңалық сюжеттерін көруге арналған стендтер 3D көзілдіріктерімен жабдықталған, бұл көрермендерге репортаж атмосферасына толық үңіліп, оқиғаға қатысушы ретінде сезіну мүмкіндігін береді. Бұл жаңа жоба көрермендерге ерекше әсер қалдырып, оқиғаларға деген қызығушылықты арттырады.