Колумбия Газа секторындағы соғысқа байланысты Израильге көмір экспортын тоқтата тұру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы ел президенті Густаво Петро мәлімдеді. Шектеу Израиль Палестинадағы соғыс қимылдарын тоқтатқанға дейін жалғасады, деді ол.
Колумбия президенті әлеуметтік желіде "біз бұл геноцид тоқтағанша Израильге көмір экспортын тоқтатамыз" деді.
Ол сондай-ақ жарлықтың жобасын жариялады. Онда көмір экспорты Израиль Халықаралық соттың Газа секторынан әскерді шығару туралы бұйрығын орындаған жағдайда ғана қайта басталады.
Колумбияның ұлттық статистика департаменті ұсынған деректерге сәйкес, былтыр алғашқы сегіз айда экспорт 320 миллион доллардан асқан.
Экспортқа тыйым салу жарлық жарияланғаннан кейін бес күннен кейін күшіне енеді.
Еске сала кетейік, 1 мамырда Густаво Петро Колумбия соғысқа байланысты Израильмен дипломатиялық қарым-қатынасты үзіп жатыр деп мәлімдеді.