×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

Бұл ұятсыз спекуляция – депутат газ бен көмірдің қымбаттауы жайлы

10.11.2021, 12:11
Бұл ұятсыз спекуляция – депутат газ бен көмірдің қымбаттауы жайлы
Фото: Ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев еліміздің түкпір түкпірінде автогаз отының тапшылығы және оның бағасының күрт өсуіне қатысты шағым көбейіп кеткенін мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.

Депутаттың айтуынша, бұған дейін 50-60 теңге тұратын газ соңғы кезде 120-150 теңгеге дейін қымбаттаған. Тіпті, қойнауы мұнай мен газға толы Атыраудың өзінде, газдың бағасы бір түнде 95 теңгеден 110 теңгеге дейін өскен.

«Бұның бәрі газ қожайындарының қолдан істеп отырған ісі деген сөз ел аузында. Биыд қазан айында дизель отының тапшылығына және бағасының өсуіне куә болдық. Осы жағдайға байланысты, жүргізушілер өңірлерде ереуілге де шығып жатты. Бұл мәселе бойынша 6 қазанда «Ақ жол» фракциясы Энергетика министрінің атына бензин және дизель тапшылығы проблемасын шешу жолдарының бірі ретінде шағын мұнай өңдеу кәсіпорындарына жан-жақты қолдау көрсетуді және сыбайластықтың бар-жоғына тексеру жүргізуді ұсынып, депутаттық сауал жолдаған болатынбыз. Бір айдан аса уақыт өтсе де, бұл сауалға әлі күнге дейін жауап алған жоқпыз», - дейді Серік Ерубаев.

Сол кезде министрлік дизель отынының бағасы нарық заңымен реттеледі және жуырда төмендейтінін мәлім еткен. Алайда жағдайдың жақсаратын түрі жоқ.

«Ел экономикасына және тұтыну бағаларына тікелей әсер ететін дизель отының құнын бақылаудан шығарып алу, жауапсыздық және мемлекеттік емес көзқарас деп санаймыз. Қазан айының соңында авиакеросин тапшылығына да тап болдық. Көршілес елдің энергетика министрлігінің көмегімен дизель отыны мен керосиннің мәселесі уақытша жабылған. Бірақ, дәл осы жерде «уақытша» деген сөзді естен шығармауымыз керек! Атырау, Павлодар, Шымкент мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға екі триллион теңге жұмсалды. Ендеше, аталған зауыттардың жыл сайын жөндеуге тоқтатылуын немен түсіндіреді», - деп сұрақ қойды депутат.

Бірақ министрліктің жауабы әрқашан дайын: егер, дизель отыны тапшы болса оған көршілес елдердің ауыр жүк көліктері кінәлі, ал автогаз жетпесе оған газбен жүретін көліктер санының көбейуі туралы сылтау айтылады.

«Жерасты байлығымыздың тағы бір негізгі түрі – көмірдің де тапшылығы орын алуда. Оның үстіне, бағасы да тым қымбат. Бұнда да ұятсыз спекуляция сипаты байқалады! Мысалы, «Шұбаркөл» кеніндегі көмірдің тоннасы 5800 теңге болса, карьерден, сатып алушыға барар жолда көмірдің бағасы, 16 мыңға дейін жетеді. Бұндай жағдай да дефицит жасанды болып, бағалық сөз байласу фактілері расталса, құқық қорғау органдары да сыртта қалмауы керек. Жоғарыда айтылғанды қорыта келе, «Ақ жол» фракциясының ұсыныстарын жүзеге асыру мүмкіндігін қарауыңызды сұраймыз. Еліміздің жерасты байлықтары шектеулі адамдардың мүдделеріне ғана емес, бірінші кезекте ішкі экономикаға жеткілікті көлемде, бизнес өкілдеріне және халыққа қол жетімді түрде қызмет етуі қажет деп санаймыз”, – деп түйді депутат.