Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Украинадағы оппозициялық журналист Айдос Садықовқа жасалған шабуыл жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бапи не дейді?
– Бірінші кезекте, бұл, әрине, өкінішті жағдай. Қалай болғанда да, тапа-тал түсте бір адамды атып кету – қылмыстық іс. Әлдебір үшінші күштердің бе, әлдебір Қазақстаннан басқа батыс елдері немесе Украинамен соғысқа қатысушы елдердің басын соғыстырып қою секілді саяси астары бар әрекет пе деп ойлаймын, – дейді Бапи.
Депутат Айдосты да, зайыбы Натальяны да жақсы білетінін, кезінде үстінен қылмыстық іс қозғалғанда “Дат” газеті оны қолдағанын айтады. Бапи “Бәсе” ресурсы елдегі көптеген оппозициялық ресурстардың бірі деп есептейді.
– Менің ойымша, Айдосқа қарсы жасалған әрекетке Қазақстан билігінің қатысы жоқ. Оған не керек? Не қажеті бар? Провакациялық халықаралық дәрежедегі қастандық әрекетке араласуға Қазақстан мүдделі емес. Қазақстанда қандай мүдде болуы мүмкін? Айдос Қазақстанның билігіне қауіп төндіріп жүрген саяси тұлға емес. Ол кәсіби қызметін атқарып жүрген журналист. Айдосқа қастандық жасау арқылы әлдебір үшінші күштер Қазақстан мен басқа елдердің арасындағы қарым-қатынас арасына от жағу әрекеті ме деп ойлаймын, – дейді Ермұрат Бапи.
Шабуыл
18 маусымда Украина астанасында қазақстандық журналист Айдос Садықовқа қастандық жасалғаны белгілі болды. Оның әйелі Наталья Садықова Facebook-те шабуыл олардың отбасы босқын мәртебесінде тұратын үйінің жанында болғанын хабарлады. Украина ұлттық полициясының Киевтің Шевченков ауданындағы атыс туралы хабарламасында орындықтың терезесі сынған қараңғы кроссовердің суреті жарияланған. Оқиға орны қызыл және ақ лентамен қоршалған. Украина бас прокурорының кеңсесі журналисті қасақана өлтіруге оқталу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Тергеу органдары атқан адамның жеке басын анықтау бойынша шаралар қабылдайды.