×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Дубайдағы фамилиялар: Антикор тергеуді бастады ма

19.06.2024, 14:46
Дубайдағы фамилиялар: Антикор тергеуді бастады ма
Коллаж: ulysmedia.kz.

Қазақстанның бұрынғы және қазіргі шенеуніктерінің Біріккен Араб Әмірліктеріндегі мүлкі жайлы жарияланған журналистік тергеу сау қоғамда салмақты сұрақ туғызуы керек-тін. Зерттеу үлкен резонанс сипатына ие болмаса да, оқтын-оқтын ол жайлы шенеуніктерге сұрақтар қойылып жүр. Журналистер бүгін осы мәселенің мән-жайын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілінен сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Журналистер Антикор осы материалмен танысқан-таныспағанын әрі тергеуде аталған шенеуніктердің үстінен жаңа қылмыстық істер қозғалатынын яки қозғалмайтынын сұраған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бекайдаров егжей-тегжейлі жауап берген жоқ, бірақ аталған фактілер "бақылауда" екенін айтты. 

Ол активтерді қайтару бойынша жұмыс аясында Қазақстан бюджеті бір триллион теңгеден астам қаражатты қайтарғанын еске салды.

– Агенттік мемлекетке бір триллионнан астам теңге қайтарды. Оның ішінде Дубайдағы, басқа елдердегі, оффшордағы активтер бар. Айтылған фактілердің бәріне мониторинг жүргізіледі. Активтерді қайтару жұмыстары жалғасады, - деді ол.

Дубайдағы мүліктер

Бұған дейін журналистер Қазақстанның бұрынғы және қазіргі шенеуніктері, сондай-ақ олардың туыстары Дубайда жылжымайтын мүлікке иелік ететінін көрсеткен жаһандық зерттеуді жариялаған болатын. 

Жоба Дубайдағы ондаған мүлікке иелік ететін бұрынғы және қазіргі шенеуніктер мен олардың туыстары туралы. 

"Қазақстанда шенеуніктер мен олардың жақындарының табыстары мен активтері туралы декларациялар әлі жария болған жоқ, дегенмен бұл ақпарат азаматтар үшін бұрыннан ашық болуы тиіс екені анық. Біз мұны шенеуніктер мен олардың туыстарының ашық декларацияларына алғашқы қадам деп санаймыз. 

Әлемдік тергеу журналистері жасаған жылжымайтын мүлік иелерінің тізімінде ірі саясаткерлер, мафия мүшелері, есірткі сатушылар және басқа да қылмыскерлер бар, олардың көпшілігі іздеуде.

"Власть" жариялаған тізімде-2022 жылы Дубайда жылжымайтын мүлікке иелік еткендердің есімдері бар. Олар немесе олардың жақындары осы уақытқа дейін мемлекеттік қызметте болған. Атап айтқанда: Қайрат Сатыбалды, Әсел Исабаева, Қайрат Шәріпбаевтың қызы Қорлан Шәріпбаева және бұрынғы министр Ерлан Тұрғымбаевтың Марлен есімді ұлы мен тағы басқалары бар.