Жаңазеландиялық Андрей Михайловичтің жаттықтырушысы Исаак Пич Жәнібек Әлімханұлымен жоспарланған жекпе-жектің болмай қалғанына ашулы үн қатты, деп хабарлайды Ulys Sport.
Естеріңізде болса, боксшылар 14 шілде күні Лас-Вегас рингінде кездесуі керек еді. Бірақ отандасымыздың ауруханаға түсіп қалуына байланысты көптен күткен жекпе-жек ойламаған жерден тоқтатылып отыр. Исаак Пич бұл жаңалыққа көңілі толмай, IBF бокс қауымдастығына қазақстандықты чемпион атағынан айыру туралы ұсыныс білдірді.
"Мен Жәнібекті атағынан айыру керек деп есептеймін. Одан белбеу алынып, алдағы айларда вакантты белбеу үшін күресетінімізге сенімдімін. Біздің жоспар осындай. Бірақ әзірге барлығын зерделеу керек. Біз соңғы 10-12 аптада қаншама еңбектендік, бұл жекпе-жекте жеңіске жету жолындағы дайындықта көп тер төктік. Сондықтан біздің көңіліміз түсіп отыр. Жәнібек ESPN-ге, промоутерлерге, жалпы бүкіл бокс кешіне кесірін тигізді», - дейді жаттықтырушы.
Ол сондай-ақ Әлімханұлының кәсіби спортшыға жараспайтын әрекет жасады дейді.
Әрине мұндай жағдайда кез келген бапкер осылай айтатыны анық. Қазақстандық боксшының мұндай жағдайға әдейілеп түспегені белгілі.
Әірге жаңазеландиялық бапкердің пікіріне қатысты IBF ешқандай ресми үн қатпады.
Еске сала кетсек, бұған дейін Top Rank промоутерлік компаниясы WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының салмағын азайту кезінде қиын жағдайға тап болғанын хабарлаған болатын. Ал бұл жағдайға қатысты WBO және IBF әзірге ресми пікір білдірген жоқ.