Қырғызстанның денсаулық сақтау министрі Әлімқадыр Бейшенәлиев коронавирустан емдейді деген, қайнатып ішпесе улы саналатын Ыстықкөл тамырының (уқорғасын) Түркия мен Қазақстанға, Ресейге және басқа да елдерге жеткізілгенін мәлімдеді деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Франция жақында көп көлемде алып кетті. Біз олармен байланыстамыз. Уақыт өте келе оның COVID-19 қана емес, жөтел, өкпе, асқазан ауруларында да тиімді екенін дәлелдейміз. Қырғызстанда уқорғасын ішкеннен бірде-бір сырқаттың асқынуы тіркелген жоқ. Ыстықкөл тамырын пайдаланған соң ауруханаға түскен адамдар бұған дейін де созылмалы және онкологиялық дерттерден емделіп келген. Әр жағдайды зерттеудеміз”, – дейді көрші ел министрі.
Қырғызстандық денсаулық сақтау мекемесінің басшысы уқорғасынды қолданудың арқасында індеттің бой бермей кетуінің алдын алғандарын айтады.
Еске сала кетсек, коронавирустан бұлайша емделуді Қырғызстан президенті Садыр Жапаров та қолдаған болатын. Өз кезегінде, сарапшылар, тиісті клиникалық зерттеулерден өтпеген емдік шөптің қауіптілігін келтіріп, дабыл қағуда.