Ақмола облысы Ерейментау ауданының тұрғынының қылмысты жасырғаны үшін үш жылға бас бостандығы шектелді. Ол 14 жастағы қызының жүкті екенін біліп, ол туралы полицияға хабарлаудың орнына, аборт жасатуға тырысқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, әйел 2023 жылғы сәуірде сол кезде 14 жаста болған қызының 20 жастағы жігіттен жүкті екенін білген.
Ол дәріханадан жасанды түсік жасататын дәрі сатып алып, қызына ішкізген. Сонымен қатар болған оқиға туралы полицияға хабарламаған, яғни, қылмысты жасырған.
Кейін түсіктің сәтсіз болғанын анықтаған ол 2023 жылғы маусымда қызын Астана қаласындағы жеке клиникаға апарып, аборт жасатуын сұраған. Алайда медиицна қызметкерлері бас тартып, бұл туралы құқық қорғау органдарына хабарлаған.
“Жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қаупі мен сипатын, кәмелет жасқа толмаған екі баласы барын ескеріп сот әйелді кінәлі деп таныды. Оған үш жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды”, – деп жазылған хабарламада.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.