×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Уақытыңды білім алуға жұмса: қазақ жастары білуі тиіс құндылықтар

15.07.2024, 15:04
Уақытыңды білім алуға жұмса: қазақ жастары білуі тиіс құндылықтар
Коллаж: ulysmedia

Венчурлық инвестиция жөніндегі сарапшы, кәсіпкер Әділ Нұрғожин Ulysmedia.kz порталына сұхбатында венчурлық инвестиция, жеке деректерді қорғау және киберқауіпсіздік мәселелері туралы айтты. Сарапшы сұхбатта айтқан негізгі месседждерді оқырманға ұсынамыз. 

Венчурлық инвестиция деген не?

Бұл жоғары тәуекелге бара отырып, болашағы зор жас компанияларға қаражат құю. Басқаша айтқанда, инвесторлар әлемді жаулап алуға мүдделі жаңа бизнесті қаржыландырады. Бизнес оған салынған инвестициялармен бірге күйіп кетуі әбден мүмкін. Бірақ бастама сәтті болса, инвестор жаңа бір Google, Amazon немесе Facebook-тың ортақ иеленушісі атанары анық. Демек, тәуекел жоғары, бірақ потенциалды табыс та зор.

Әділ Нұрғожиннің айтуынша, қазір әлемдік компаниялар саналатын Фейзбук, Инстаграм, т.б. компаниялардың барлығы бастапқы капиталын венчурлық инвестициядан алған. Бизнесті жаңадан бастаушы алғашында өзінің қаржысын жұмсауы мүмкін. Кейін өз қаржысының түбі көрінген кезде, инвестор іздей бастайды. Инвестор стартапқа ақша құйғысы келсе, онда ол белгілі бір тәуекелге барып отыр деген сөз. Ал бизнес тілінде әр тәуекел табыс не тәжірибе әкелуі тиіс. Міне, вечурлық инвестицияның сыры да осында. Қысқа мерзімде көп пайда табу. Егер стартаптың бағы жанып кетсе, пайда шаш-етектен. Керісінше болса, онда бұл сіз үшін ащы сабақ, өмірлік тәжірибе болып қалары сөзсіз. Сондықтан кәнігі инвесторлар стартаптарға ақша құярда жеті рет өлшеп, бір рет кеседі. 

Ғылыми жобалармен байланысты стартаптар да болады. Оның жолы кәдуілгі бизнес жобадан сәл өзгеше. Мысалы, биотехнология саласына қатысты бір стартап бар делік. Оның жұмысына мемлекеттен субсидия, грант тартуға болады. Бірақ бұл жерде мемлекет те сенен осы берілген қаржылық мүмкіндіктер үшін кейін сұрай алатынын ұмытпаған жөн. 

Әрине, венчурлық инвестиция қазір пайда болған технология емес. Ол АҚШ-та 100 жыл, тіпті одан да көп уақыт бұрын пайда болған. Қазір Азия, Африка елдерінде де венчурлық қорлар қарқынды дамып келеді.  

Венчурлық инвестицияның қаржы нарығындағы орны

Қаржы нарығында венчурлық инвестиция баламалы қаржыландыру көзі ретінде мойындалған. Қазір дүниежүзіндегі венчурлық капиталдың 600 млрд.АҚШ доллардан асады. Оның жартысынан астамы АҚШ-ның үлесіне тиесілі. Азия елдеріне 20 пайызы тиеді. Еуропадағы венчурлық қорлар дүниежүзілік үлестің 25 пайызына ие.

Венчурлық инвестицияның басқа қаржы көздерінен ерекшелігі неде

Ғылыми болсын, таза экономикалық бағыттағы болсын, жаңа бизнес-стартапқа инвестиция венчурлық жолмен немесе мемлекеттік грант арқылы жасалады. Өйткені бұл – тәуекел аймағы. Оған ешқандай банк несие бермейді. Банк бизнеске несиені белгілі бір уақыт жұмыс істеген, артында қандай да бір активі бар тұлғаларға ғана береді. Себебі олар тәуекел ете алмайды.

Ә.Нұрғожиннің айтуынша, венчурлық қор бір салғанда бірден 30 компанияға инвестиция салуы мүмкін. Соның 3-4-еуі ғана табысы ең жоғары болады. Ол жерден х100 еселенген табыс келеді. 30-дың қалған 4-5-еуі салған қаражатты қайтаруға ғана шамасы келеді. Оған да шүкір. Ал 20 шақтысы утильге кетеді. Яғни, табыс әкелмейді. Өз-өзін ақтамайды. Бұл нақты өмір тәжірибесінен, бизнес тәжірибесінен алынған статистика. 

Саладағы тәжірибе

Осы салада 15 жылдан бері еңбек етіп келемін. Қазір венчурлық қорымызда 20 млн.АҚШ доллары көлемінде капиталымыз бар. Венчурлық қордың акционерлері және оны басқаратын менеджерлер болады. Біздің қордың ашылуына америкалықтар мүдделі болған. Қазір қорда қазақстандық бизнесмендердің де үлесі артты. Олар ақшаны дұрыс есептей алатындар, яғни қай жерде табыс барын білетіндер. 

Ақша таза болуы тиіс

Қорға акционер болғысы келетін бизнесмендер жіті тексеріледі. Оның қаржы тарихы, мемлекеттік қызметпен байланысы бар ма, жоқ па, ақшасы жемқорлықпен келмеген бе деген сияқты ішкі тексерулер болады. Әділ Нұрғожин өзі жұмыс істейтін венчурлық қор АҚШ-тың Делавэр штатында тіркелгенін тілге тиек етті.

- Қордың бастапқы инвесторлары АҚШ азаматтары болды. Сол жақтағы ірі компанияда басшылық ететін азаматтар. Олар үшін репутация бәрінен маңызды. Сондықтан қорға инвестор тартуда олар ақшаның таза жолмен келгеніне қатты мән береді. Бір ғана мысал, АҚШ-тың Salesforce деген компаниясы бар. Капиталы – 20 млрд.доллар. Калифорния штатында, Сан-Францискода бас кеңсесі орналасқан. Осы алпауыт компанияның топ-менеджерлерінің бірі, шыққан тегі үнділік әйел, 22 жыл бұрын Америкаға көшіп барып, сол жақта үлкен карьера жасаған, сол кісі бастапқыда көп қолдау көрсетті. NASA компаниясының топ-менеджері де, Фейзбуктың Киберқауіпсіздігіне жауапты басшылық қызметтегі азамат та қолдауын аямады. Сол кісілердің ұсынысымен басқа да инвесторлар келе бастады. 

Big Sky Capital VC

- Компанияның құрылтайшысы екі адам: мен және серіктесім Жәнібек Қарсыбаев деген жігіт.  Кезінде АҚШ-та Монтанада танысқанбыз оқып жүріп. 2001 жылы таныстық. Ол АҚШ-қа 1998 жылы Тараздан қоныс аударған. Астана, Алматыны көрмей, бірден АҚШ-қа көшіп кеткен. Өзін-өзі көтерген азамат. Білесіз, ол кездері елімізде жағдай жақсы болған жоқ. Әке-шешесі баламыз бір нәрсеге ұрынып қалмасын деген ниетпен баласына батасын беріп, жиған-тергенін беріп, АҚШ-қа жіберген. Біздің достығымыз сол кезден келе жатыр. Бұл бір ғана компания емес, оған дейін де екеуміз талай компанияларды құрдық. Есіңізде болса, Amir Whatch деген компаниямыз болды. Қазіргі венчурлық қорымызды 20 млн.доллармен бастадық. 2023 жылдың қаңтар айынан бері 24 компанияға инвестиция салдық. Оның 11-і қазақстандық компания. Жалпы бастапқы 5 жылда инвестиция саласың. Одан кейінгі бес жылда салған ақшаңды шығарасың. Қазір инвест қорымыздағы капитал 21 пайызға өсті. 

Қандай компанияларға инвестиция салынды

- Көбіне be 2 be, яғни бизнеске бизнес сататын компаниялар. Оның бәрі IT саламен байланысты. Аgrotech, Probtech, fintech дегендер бар, олардан 5 компанияға инвестиция салдық. Cосын Sybersec деген компания бар киберқауіпсіздікпен айналысатын. 1-2 компаниясына инвестиция салдық. Өйткені киберқауіпсіздік деген қазір күн тәртібіне шықты. Мемлекеттер, алпауыт компаниялар өздерінің ақпараттық қауіпсіздігін қорғау мақсатында осыған қатты көңіл бөліп жатыр. 6-7 компания Оңтүстік-Шығыс Азияның компаниясы. Нақтырақ айтсақ, Сингапурда тіркелген компания. 

Сингапурдың не құдіреті бар?

- Сингапурда бизнесмендерге салықтық жеңілдіктер бар. Одан бөлек, юрисдикциясы ыңғайлы. Сот жүйесі, инвест климат қолайлы. Корпоративтік табысқа салынатын салықтың ең жоғары мөлшері 17 пайыз. Жаңадан құрылған компания болса, алғашқы 3 жылда салық салынбайды. Астана халықаралық қаржы орталығында да осындай жеңілдіктер жасалған. Мұның бәрі Сингапур тәжірибесіне негізделген. Оңт-Шығыс Азия нарығына кіру үшін Сингапур қақпа іспетті, ал Орталық Азия елдері үшін Астан қаржы орталығы дәл сондай қақпа дер едім. 

Қазақстандық IT мамандары үздіктер қатарында

- Бұрын осы салада украиндық мамандардың аты жиі аталатын. Алайда соңғы уақытта қазақстандық қыз-жігіттердің потенциалы туралы көбірек айтылуда. Қазір осы салаға қатысты қазақстандық компаниялармен жұмыс істеп жүрміз. Американы айтпаған күннің өзінде, Азия құрлығында біздің жастарымыздың білімі мен білігі алдыңғы орында. Бұрын мен олай ойламайтынмын, бірақ соңғы уақытта осыған көзім анық жетті. Міне, 1,5 жыл болды. Малайзия, Тайланд, Сингапурды аралап жүрмін. 1500-дей стартап жобамен таныстым. Осыларды қарай, талдай келе сондай қорытындыға келдім.

Біздің қыз-жігіттердің жасап жатқан технологиялық шешімі мен қызметі жоғары деңгейде. Кеше ғана бір стартаппен таныстым. Қазақстандық банктің жобасы. Робот жасанды интеллектімен жұмыс істейді. Клиенттерге қоңырау шалады. Айтылған екеуара әңгімені анализ жасап, мәселені шешуге әрекет етеді. Дауысты жазу бөлек, оны талдау, соған сай әрекет ету мүлдем бөлек деңгей. Жаңағы стартап жобаның құрылтайшылары 4 адам. Екеуі орыс, екеуі қазақ. Айша және Данияр. Екі қазақ азаматы стартапқа технология жағынан кірген. Міне, көрдіңіз бе, біздің қыз-жігіттеріміз қандай мықты. Назарбаев университеті, С.Демирел, Астана АйТи университетінен мықты мамандар шығып жатыр. Астана АйТи-дің құрылғанына 5-ақ жыл болды. 

Стартап жобаға инвестиция сұрайтындардың көбі жасы 30-дан асқан азаматтар

Бизнеске енді келгендер де, 4-5 жыл осы салада жұмыс істеп жүргендер де бар стартаптар арасында. Көпшілігінің жасы 30-дан асқан, нақтырақ айтқанда 45-тен жоғары жастағылар осы салаға қызығушылық білдіріп жатыр. Олар өмір мектебінен өткен, көрген-түйгені мол адамдар. Олар бастаған жобаға сенетіндер де көп болады. Өйткені олар осы жасқа дейін ортасында сенімге ие болған адамдар. Әр стартапқа орта есеппен 200-250 мың доллар саламыз. Ең көп салған кейс ол 500 мың долларлық стартап. Онда да ақшаны түгел бере салмаймыз. Траншпен беріледі. Яғни, клиент 3 кезеңнен өтеді. Ол: технологиялық жағынан талаптарымызды орындайды; бизнеске қатысты шарттар және үшіншісі, кадр, яғни персоналды таңдауға қатысты шарттар. Осы талаптарды орындауға 12-18 ай уақыт беріледі. Қайылған шарттар орындалса, біз қаржыландырудың екінші траншына көшеміз. 

Уақыт – сарқылмайтын ресурс емес, оны мұқият пайдалану керек

- Маған стартап жобалар туралы LinkeIn, Facebook арқылы шығып жатады. Инстаграм, Тик-ток дегендерде аккаунттарым жоқ. Ол менің уақытымды алады. Мен уақытымды үш-ақ нәрсеге жұмсаймын. Біріншісі, бизнесіме (Big Sky Capital VC), екіншісі, отбасыма, үшіншісі, спортқа. Кітап оқимын. Егер сіздің бизнесіңіз болмаса, жаңағы Инстаграм, Тик-Ток дегендердің пайдасы жоқ. Бұл платформалар бизнеске пайдалы. Жарнама жасайды. Адам бойында 4 түрлі гармон бар. Соның бірі – дофамин гармоны. Бір сәттік ләззат сыйлайтын гармон. Тик-Ток дегендер адам бойындағы осы дофамин гармонын қанағаттандырады. Мұны ғылыми тұрғыдан дәлелдеп қойған ғалымдар. Дофамин адамдағы нейромедиатор қызметін атқарады. Қараңыз, Тик-ток, Инстаграм дегендерді қарап отырып сіз екі не одан да көп уақытыңызды қалай өткізіп алғаныңызды түсінбей қаласыз. Басыңызды көтерген кезде уақытыңызды жоғалтқаныңызды түсінесіз. Бірақ сәл уақыттан кейін қараған видеоларыңызды есіңізге түсіре алмайсыз. Ол бір сәттік қана дейтініміз сондықтан. 

Ұлт сапасына мән беру керек

Әр қазақ баласы ақылды, білімді болса дейміз. Алайда білімге ұмтылудың орнына уақытын қызыққа, күшін бос әурешілікке жұмсап жүрген замандастарымыз бар. Бірақ біз бұл кезеңнен де өтеміз. Себебі жас мемлекет болғандықтан, осындай өтпелі уақыттар болады. Жастарымыздың басым көпшілігі білім мен ғылымға, спортқа ден қоятын заман келе жатыр. Біздің санымыз аз, жеріміз кең. Егер 70-80 млн.халқымыз болса, бірсәрі. 20 млн.-нан енді астық. Біз қауіпсіздігіміз, өсіп-өркендеуіміз үшін халықаралық деңгейде жұмыс істеуді үйренуіміз керек. Технология бойынша әлемдік дамудан 20-30 жыл кейін қалып кеткен елдердің тілін емес, алдыңғы қатардағы дамыған елдердің тілін, технологиясын үйренуіміз керек. Қазақстанның тауар айналымы Еуропа мемлекеттерімен қарқын алып келе жатыр. Қытаймен де осындай жағдай. Керісінше, Ресеймен сауда-саттық көлемі азайғандай көрінеді бұрынғы жылдарға қарағанда. Біздің мемлекет ретіндегі негізгі міндетіміз ешқандай соғысқа араласпай, өзімізді сақтап қалу. Қалған ұсақ-түйек мәселені өзіміз-ақ шешіп аламыз. 

Бюрократияның болғаны да дұрыс 

Егер біздің елде үкімет шешімдері бюрократиясыз тез қабылданып кететін болса, онда оның қауіпті тұсы да бар. Өйткені елге пайдасыз, кесірі тиетін шешімдер тез қабылданып, тез жүзеге асқаны дұрыс емес деп ойлаймын. Бюрократияның өзі бізге ойлануға, қате шешімді түзетуге уақыт береді. А нүктесінен Б нүктесіне дейін жеткенше, ел ес жиып үлгереді (күліп). Мен елдегі бюрократиядан осындай позитив көремін. Ал жемқорлыққа келсек, оның деңгейі осыдан 5-7 жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда әжептеуір азайды. Ол сезіледі. Сіз бен біз айтып отырған әңгімені осыдан үш жыл бұрын еркін айта алмайтын едік. Міне, бүгін, дәл қазір айтып отырмыз. Яғни, сөз еркіндігі де кеңейіп келеді. 

Блогер-бизнесмен мен кәсіби бизнесменнің айырмашылығы

- Стартап жобалар арасында венчурлық қорлардың инвестициясын алып, тезірек байып кетсем деп жоспар құратындар жоқ. Өйткені оларға берілетін ақша, біріншіден, қомақты емес. Қомақты болған күннің өзінде ол капиталды бірден алмайды, траншпен алады. Екіншіден, бұл саладағы қыз-жігіттер марафонға жүгіретін спортшылар секілді. Ұзақ қашықтыққа шыдаймын деп өзін-өзі шыңдағандар. Ал блогер болып, әрнені жарнамалап, пайда тауып жүрген «бизнесмендер» олар бүгін видео түсіріп, ертең ақша алуға үйренгендер. Оларды  спринтерлер деп  атаған жөн. Ақшаны баюым керек деп аңсасаңыз, ол сіздің қолыңызға түсе қоймайды көп жағдайда. Керісінше, осыны елдің игілігіне жұмсаймын деген ниетпен келсеңіз, ақша жиналады.

Бұл адал кәсіпке қатысты тұжырым. Заңсыз жолмен баюды айтып отырғанымыз жоқ. Стартап жобалар жасап жүрген азаматтардың бір артықшылығы – олардың жобасы елдің бір түйткілді мәселесін шешуге жұмыс істейді. Мәселені шешу жолдарын, онымен кім айналысатынын жоспарлайды және қанша уақытта шешілетініне талдау жүргізеді. Соның негізінде компания құрылады. Яғни, құндылық болуы тиіс. Құндылық болмаса, масштаб та болмайды. Мысалы, Астана қаласын алып қарайық. Осыдан 25 жыл бұрын қандай болды, қазір қандай? Әрине, кемшіліктер бар. Алайда ұлы жобасы дұрыс. Жалпы Астана – үлкен бір стартап. Назарбаевтың стартабы. 

10000 сағат

- Ұлыс медианың ақпарат айдынына шыққанына үшінші жыл. Сын-қатерге толы уақыт – дәл осы шақ деп айтса болады. Егер есептейтін болсақ, 4,5 жыл ол – 10 мың сағат. Сіздер бүгінге дейін 8 мың сағаттай жұмыс істедіңіздер осы стартапқа. Енді келесі қадам – масштабқа шығу керек. Ол үшін инвестиция тарту керек. 

Шынында, осы үш жылда біраз түйткілді мәселелер шешімін тапты. Қазір қаржы жағынан мәселе жоқ. Тек даму керек. Мамандардың біліктілігін арттыру қажет. Әйтпесе, бір орында тұрып қалуың мүмкін. Сондықтан Ұлыс медиа қазір ізденіс үстінде. Масштабты кеңейту керек болғандықтан, Қазақстаннан басқа да нарықты зерттеп, зерделеп жатыр. 

Қазақ дамуы үшін істеуі керек үш-ақ нәрсе

Алдымен, қазақ балалары өз ана тілін, ұлттық құндылықтарын білуі тиіс. Екіншіден, әлемдік тілдердің ішінен ағылшын тілін меңгеруі керек. Үшіншіден, тілді білгеннен кейін жаратылыстану бағытындағы пәндерді көбірек оқуы керек. Оның ішінде математика, физика, химия, биология секілді пәндер дамуға көп көмектеседі. Бұл адами капиталдың артуына, нарықтық экономика талаптарына жауап бере алатын ұрпақтың қалыптасуына тікелей әсер ететін факторлар деп сеніммен айта аламын. 

Сенім капиталы

Оңтүстік-Шығыс Азия үшін Сингапур инвестиция құюға, қаржы нарығын дамытуға сенімді мемлекет болса, Орталық Азия елдері үшін де Қазақстан сондай сенім қалыптастырған ел. Астана халықаралық қаржы орталығының жұмысы осы тұста өте көп. Жалпы алғанда еліміздің ұстанып отырған сыртқы саясаты елімізге инвестиция тартуға серпін береді. Себебі сенім қазіргі уақытта үлкен капитал. Өйткені мемлекеттер арасында сенім жоғалған. Бұл орайда Қазақстан өзінің жолын қалыптастырып келеді деп айтуға болады.