Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстандағы шегірткелермен күресу шаралары туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Таралу көрсеткіші
Вице-министр Ермек Кенжеханұлы брифингте биыл елімізде шегірткенің таралу қарқыны қатты екенін айтты.
Мәселен, 2020 жылы 514 мың га, 2021 жылы 626 мың га, 2022 жылы 975 мың га және 2023 жылы 1,6 млн га алқап шегірткеге қарсы өңделген.
Ал 2024 жылы шегірткелер тобының 2,5 млн га жерге таралатыны болжанып отыр.
"Шегірткелердің көбі Ақтөбе (784,4 мың га), Қостанай (775,6 мың га) және Түркістан (271,6 мың га) облыстарында таралатыны күтіліп отыр", - деді ол.
Қанша қаржы бөлінді
Шенеунік үйірлі емес шегірткелермен күрес жергілікті бюджет есебінен жүргізілетінін айтты.
Биыл бұл мақсатқа 8,1 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде республикалық бюджеттен 4,2 млрд теңге және үкімет резервінен 3,9 млрд теңге қарастырылған.
"Бөлінген қаражатқа тиімділігі жоғары пестицидтердің қажетті көлемі сатып алынды, сондай-ақ жеткізушілер анықталып, пестицидтерді сақтау және тасымалдау бойынша қызмет көрсетуге келісімшарттар жасалды", - деп атап өтті вице-министр.
Жапа шеккен өңірлер
Кенжеханұлының айтуынша, бүгінгі таңда 2,4 млн га жер өңделген.
Қазіргі уақытта итальяндық прусқа қарсы өңдеу жұмыстары Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды және Қостанай облыстарында, ал азиялық шегірткеге қарсы Абай және Жамбыл облыстарында жалғасып жатыр.
Вице-министр кейбір жерлерде ауа райы жағдайына байланысты өңдеу жұмыстары қиындап отырғанын атап өтті.
"Қазіргі уақытта Ақтөбе және Қостанай облыстарында нөсер жаңбыр жауып, қатты жел соғуда. Бұл мониторинг жасауға және химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты өңдеу алаңдарының ұлғаю қаупі бар", - деп түсіндірді ол.
Резюме
Естеріңізге сала кетсек, биыл қазақстандық фермерлер зиянкестердің таралуына жаппай шағымдана бастады. Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі шегірткеден келген зиянды анықтаудың әдістемесі жоқ екенін мойындаған еді.
Қазақстан шегірткелермен күрес шараларына байланысты көрші елдерге жүгінді. Қазығұрт ауданы фермерлер қауымдастығының төрағасы Ералы Әшір журналистерге шегірткеге қарсы қолданылатын препараттардың сапасыз екенін мәлімдеді.