Туризм және спорт министрлігі әлеуметтік желілердегі заңсыз лотереялармен күрес туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Вице-министр Мирас Төлебаев брифингте Instagram, TikTok және басқа да әлеуметтік желілерде өткізілетін лотереялардың заңсыз екенін айтты.
"Заңнамаға сәйкес, ұтыс ойындарын өткізуге айрықша құқық лотерея операторына және оның агенттеріне ғана берілген. Заңсыз лотерея ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген", - деді ол.
Шенеунік мұндай құқық бұзушылық үшін қазақстандықтарға 400 мың теңгеден 3,7 млн теңгеге дейін айыппұл салынатынын түсіндірді (ӘҚБтК-нің 445-1-бабы). Бүгінгі күні заңсыз лотереялар үшін 16 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
"Сотқа құқық бұзушылық туралы 30 хаттама жіберілді, тағы әлеуметтік желілердегі заңсыз ойындар үшін жауапкершілікке тарту туралы 35 дерек бойынша материалдар жиналып жатыр", - деді вице-министр.