Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев газ бағасы жыл сайын көтеріліп отыратынын айтты. Оның пайызы инфляция дәлізіне байланысты болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚЫМБАТТАТУ СЕБЕБІ
Бүгінгі күні тауарлық газды өндіру мен жеткізудің өзіндік құны мың текше метр үшін шамамен 33 мың теңге, ал сату бағасы арзанырақ – 24 мың теңге. Жоспар бойынша, бағалар үш жыл ішінде кезең-кезеңмен өсетін болады.
"Қазіргі таңда тауарлық газды өндіру мен жеткізудің өзіндік құны мың текше метр үшін шамамен 33 мың теңге. Қазіргі уақытта бағалар әлдеқайда төмен, аймаққа байланысты шамамен 24 мың теңге. Биыл 1 шілдеден бастап бағаны 14,8%-ға түзеттік", – деді ол.
ҚАНША ҚЫМБАТТАЙДЫ?
"Кез келген тарифтің көтерілуі инфляция дәлізі шеңберінде, елдегі инфляция деңгейіне әсер ету шеңберінде болуы керек. Бұл параметрлерді экономика министрлігі белгілейді. Бұл параметрлер төменгі шекте белгіленсе, шығынсыздық мақсатына жету үшін бізге әлдеқайда ұзақ кезең қажет болатыны түсінікті", – деді министр.
Сонадй-ақ, мемлекеттік орган бағаны көтеру жиілігі жыл сайын, яғни жылына бір рет деп белгілегенін атап өтті. Ал көтеру пайызы инфляция дәлізіне байланысты болады.