Тағамтанушы әрі диетолог дәрігер Жанна Нұрберген жаңа уақыт белдеуі шынымен ағзаға зиян ба деген сұраққа жауап берді деп хабарлайды ulysmedia.kz
- Жалпы уақыттың бір сағатқа шегерілуі ағзаға айтарлықтай көп өзгеріс әкелмейді. Бірақ қазір петиция жарияланып, кей тұрғындар уақытты кері қайтаруды талап етіп отыр. Олар түрлі дәрігерлер мен ғалымдардың сөздерін алға тартып, жаңа уақыттың адам ағзасына зиян екенін дәлелдегісі келеді. Мұндағы мәселе – халқымыздың басым бөлігі ерте жатып, ерте тұруға үйренбеген,-дейді петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Жанна Нұрберген.
Оның айтуынша, гәптің барлығы ұйқы режимінің дұрыс болмауында.
- Сол себепті оларға таңның ерте атқаны қолайсыз. Сағат 22-де ұйықтап, 5-те тұратын кез келген адамнан жаңа уақыттың қалай әсер етіп жатқанын сұрасаңыз, еш әсер байқамағанын айтады. Өйткені оларда биологиялық режим қалыпты жүріп жатыр. Қалыпты ұйқы үшін адам сағат 22.00-де ұйықтап қалуы керек. Бізде түнгі жүріс көп, сағат 2-ге дейін отырады да, ұйықтайын десе таң атып жатады,- дейді ол Қазақпаратқа берген сұхбатында.
Еске салсақ, биыл 1 наурызға қараған түні Қазақстан бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуіне өткен еді. Жаңа уақытқа қарсы шыққан тұрғындар петиция жариялап, қажетті 50 мың қолды жинады.