×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

"Құрып кетудің алдында тұр": Үкімет қазақы жылқы тұқымын көбейтеді

24.07.2024, 09:36
"Құрып кетудің алдында тұр": Үкімет қазақы жылқы тұқымын көбейтеді
Фото: ашық дереккөзден

Үкімет қазақы жылқы тұқымдарын көбейтуді қолға алмақ. Бұл орайда Қостанай және адай жылқыларына айрықша көңіл бөлінеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

24.kz телеарнасының хабарлауынша, Мемлекет басшысы арнайы заңға қол қойған еді. Аталған заң мініс және жегін жылқылардың отандық тұқымдарын сақтап, молайтуды көздейді. Соған сәйкес ғылыми зерттеу жұмыстары қарқын алып, саладағы мәселелер жан-жақты зерделенбек.

“Мемлекет мәселеге назар аударған кезде бұл тұқым құрып кетудің сәл-ақ алдында қалған еді. Зауытта 49 жылқы ғана болды. 2021 жылы ауруға байланысты біраз жылқыны жойдық. Қазір 93 бас бар. Қан алмастыру бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Өйткені жылқының бойы 175 сантиметрден асуы керек. Келесі жылы отыз құлын аламыз деп отырмыз. Әрине, бұл жұмыстың барлығын жүзеге асыру үшін мемлекет қолдауы қажет”, – деді «Қазақ тұлпары» ЖШС зоотехнигі Виталий Гофман.

Қазір Қазақстанда 14 жылқы тұқымы тіркелген. Басым бөлігі өнеркәсіптік бағыттағы жылқылар болса, арасында спорттық мініске арналғаны да бар. Бұл ретте Қостанай және адай жылқыларын ерекше атап өтуге болады. Жаңа заң аясында аталған тұқымдарды көбейтуге күш салынбақ.

“Өзімізде, қазақ елімізде бұрыннан келе жатқан Қостанай породасы жылқысы болған. Осы өткен он жылдың ішінде жағдай өте нашарлап қалып, 300 бастан 80 басқа дейін құлап қалды. Жақсы кезінде 80 мыңға дейін барған. Одан басқа, заң адай жылқысына да жақсы әсер ететін жағдайын көрсетеді деп ойлаймын”, – деді сарапшы Бауыржан Қасенов.

Адай жылқысы – ғасырлар бойы табиғи жолмен сұрыпталған тұқым. Алайда кейінгі жылдары ғана мемлекет тарапынан назар аударыла бастады. Мамандардың айтуынша, бұл – теңіз суын іше алатын жылқының жалғыз түрі. Бүгінде оның саны 2 мыңға жуықтайды. Отандық ғалымдар жылқылардың басқа да қасиеттерін зерттемек. Барлық ақпарат бір порталға жиналады. Сонымен қатар мамандар зерттеу жұмыстарына да қомақты қаржы бөлінуге тиіс дейді. Яғни, 2026 жылдың соңына дейін жоспарланған бағдарлама қолға алынады. «Қазақы жылқы тұқымын қалпына келтіріп, саланы аяғына тік тұрғызу үшін кемінде он жыл керек», - деп отыр ғалымдар.