Ресей Орталық банкінің жүздеген миллиард еуро болатын активтері Батыста бұғатталып тұр, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Ол қандай схема?
Еуропалық Одақ өзінің мүше мемлекеттеріне ресейлік Орталық банктің активтерін ұзақ уақытқа бұғаттаудың екі нұсқасын ұсынды. Бұл туралы Bloomberg агенттігі сейсенбі, 23 шілдеде ұсыныс жобасына сілтеме жасап хабарлады. АҚШ ЕО-дан осындай схеманы әзірлеуді сұраған.
Бірінші нұсқа Ресей Федерациясының Орталық Банкінің активтерін мерзімсіз бұғаттауды қарастырады, ол үнемі қайта қаралады. Екінші схема – бұғаттауды қамтамасыз ететін санкцияларды 18, 24 немесе 36 айда бір рет ұзарту. Қазір олар жарты жылда бір рет қайта қаралады.
Украинаға көмектесу үшін Ресей активтерін пайдалану
Маусым айында өткен "Үлкен жетілік" елдері саммитінде Ресейдің батыс елдерінде бұғатталған активтерінен түсетін кірісті кепіл ретінде пайдалана отырып жыл соңына дейін Украинаға 50 миллиард АҚШ доллары (46 миллиард еуро) көлемінде несие бөлетіні туралы келісімге қол жеткізілді.
Ресейге тиесілі 260 миллиард еуроның шамамен 191 миллиары еуропалық Euroclear депозитарийінде сақталған. Одан 2023 жылы 4,4 миллиард пайыз пайда тапқан. Дәл осы пайда Киевке берілген несиені өтеуге кетеді.
Алайда, Bloomberg жазғандай Ресейге қарсы санкциялар режимін ЕуроОдақ елдері алты айда бір рет ұзартуды шешкен. Венгрия ЕО-ның Украинаға көмектесу бастамаларына бірнеше рет тосқауыл қойды. Сондықтан Вашингтон Брюссельден Ресей Орталық Банкінің активтерін бұғаттауды ұзаққа созуға кепілдік беретін схема әзірлеуді сұрады. Ол несие өтемін қамтамасыз етуге керек.
Ресейлік активтерді тәркілеу туралы әңгіме жоқ
G7 елдері Ресей активтерінен түскен табысты пайдалануға келісті, активтердің өзіне тиіспейді. Бірақ АҚШ пен Ұлыбритания «батыл қадамға баруды» талап еткен.
Bloomberg 9 шілдеде өз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, жыл басында Сауд Арабиясы "Үлкен жетілікке" ресей активтерін алып қойған жағдайда, патшалық Еуропа елдерінің облигацияларының бір бөлігін сатамыз деп доқ көрсеткен. Эр-Рияд ондаған миллиард еуроға Францияның және басқада еуро облигацияларға ие. Оларды сату нарыққа айтарлықтай әсер етпес еді, деп нақтылады агенттік. Алайда, Еуропа шенеуніктері бұл басқа елдердің де Эр-Риядты қолдап шығуына түрткі болады деп алаңдайды.