Ақмола облысы, Бурабай ауданының орталығы Шучинск қаласында 1 жастан асқан бүлдіршін қыз көпқабатты үйдің 4-қабатынан құлап кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқыс оқиға сәрсенбі, 24 шілде күні болған.
«Жыл басынан бері облыс аумағында балалардың терезеден құлап кетудің 10 дерегі тіркелді. Оның бірі – 24 шілде күні Щучье қаласында болды. Онда бір жастан асқан қыз бала 4-қабаттағы терезеден құлап, зардап шекті», деді ведомстводан.
Осы ретте, полиция қызметкерлері ата-аналарға кәмелетке толмаған балаларды бақылауды күшейтуге және қарасуыз қалдырмауға шақырады.
Оған қоса, биылғы 16 маусымнан бастап «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң күшіне енгенін ескерте кетті.
Осы Заңға сәйкес кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамағаны үшін ата-аналардың немесе басқа да заңды өкілдердің жауапкершілігі енгізіліп отыр.