Шығыс Қазақстанда пайдалы қазба байлықтарын заңсыз өндірумен айналысқан екі топ ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жергілікті Полиция департаментінің 24.KZ сайтының хабарлауынша, 7 адамнан тұратын бірінші топ Самар ауданында жұмыс істеген.
Олар металл детекторлары арқылы жер учаскелеріне барлау жүргізіпті. Кейін экскаватормен топырақтың үстіңгі бөлігін алып, алтын кесектерін өндірген.
Ал 11 адамнан тұратын екінші топ дәл осындай схемамен заңсыз әрекетін Үлкен Нарын ауданында жүзеге асырған.
Полицейлер техникадан бөлек, 20 грамнан асатын алтын, 6 металл іздегіш пен радиостанция тапты. Күдіктілер жұмыстарын мұқият жасырғаны сонша, оларды жедел анықтау мүмкін болмаған. Заңсыздықты толық тіркеу үшін мамандар тіпті пилотсыз ұшу аппаратын қолданған.
Қазір екі топ мүшелері бірнеше бап бойынша жауапқа тартылды. Келтірілген залалға қатысты тиісті сараптама тағайындалды.