×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Кариб теңізінде батып кеткен қайықта болған отбасы елге оралды

29.07.2024, 15:30
Кариб теңізінде батып кеткен қайықта болған отбасы елге оралды
Фото: ашық дереккөзден

Кариб теңізінде суға кеткен қайықта болған Қазақстан азаматтары елге орлады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Азаттық” радиосы қайықта болған бес адамның біреуі қаза болғанын жазды. Сондай-ақ, тірі қалған отбасы өкілдерімен тілдесіп, бастан кешкен оқиғалары туралы көлемді материал әзірлеген.

ЕКІ БАЛАНЫ ЕРТІП ЕЛДЕН КЕТУГЕ НЕ ИТЕРМЕЛЕДІ?

Арай мен оның  36 жастағы күйеуі Байхан Жапақ осыдан он алты жыл бұрын отау құрып, төрт бала бағып отыр. АҚШ-қа сапарға олар өздерімен бірге үлкен ұлы мен кенже баласын ертіп алады. 

“Көп балалы отбасы болған соң бір ғана айлыққа қарап отыра алмайсың, – дейді Арай. – Әр балаға алған жәрдемақыны пәтерге, балалардың киімі мен сабағына жұмсайсың. Табыс табу үшін мен де үйде бәліш пісіріп, дүкенге саттым. Жұмыс істейсің, бірақ ақша жетпейді. Несие, тамақ, қарыз... Айына 600 мың теңге кететін, ал табысымыз одан төмен болды”, – дейді олар.

Олар достарының АҚШ-та жұмыс істеп, жақсы табыс тауып жүргенін көрген соң осындай қадамға барғанын айтады. Оған дейін Байхан Еуропа мен Оңтүстік Кореяға да жұмысқа кетуге талпынып, онысынан ештеңе шықпаған. 

ҚАЗА ТАПҚАН ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ КІМ?

Байхан мен Арайға бұл сапарда Алматыда аспаз болып істеген Қабидолла Қали есімді азамат та қосылған. Қазақстанға Қытайдан көшіп келген 46 жастағы Қабидолла оны АҚШ-қа кететіндердің чаты арқылы тапқан. 

Қайыққа мінген соң көп ұзамай толқын тұрған. Қайық аударылып, ішіндегі адамдар суға кеткен. 

Байхан мен Арай Қабидолла Қалидың қаза болғанын кейін естіген. Қайықта болған Иран азаматы "Қабидолланы көрдім, ақ матамен жапты" деген. Екеуі бірге табылған. Иран азаматын құтқарушылар теңізден 11 сағаттан кейін алып шыққан.

“Ақкөңіл, керемет кісі болды. Ән айтатын. Ол кісіге де бауыр басып қалған едік, үнемі қасымызда жүрді”, – деді Байхан.

АШЫҚ ТЕҢІЗДЕ 5 САҒАТ КҮТКЕН  

Балқан мен Арай ашық суда қалғандағы сезімін бөлісті. 

“Басында қорқыныш болды, баламыз шошынып қалмасын деп өзімізді тыныштандырдық. Іштей "қанша минуттан кейін о дүниеге аттанамыз?", "қанша минут судың бетінде тұрамыз?", "қанша минуттан кейін батамыз?" деген ойлар болды. Елдегі балаңды, қасыңдағы балаңды ойлайсың. Жарық та көрінбейді, толқын 5 метр, көтергенде батасың, тұзды су көзіңді ашытады, оны жұтып жаттық. Балаларға бірдеңе болмасын деп оларды көтересің. Су жұтпайық деп толқын келе жатқанда "Бір, екі, үш!" деп санап, секірдік. Су аузыңды ашытады, ішіне құстық”, – дейді Арай. 

Олар толқын көтерген кезде алыстан жарық көріп, соған қарай жүзгенін айтады.  Олар суда шамамен 5 сағаттай болған.

АЙЫНА 700 МЫҢ НЕСИЕ ТӨЛЕУ КЕРЕК...

Байхан мен Арай осы оқиғадан кейін Қазақстанға оралған. "15 миллион теңге қарыз бар, енді айына 700 мың теңге кредит төлеуіміз керек" дейді олар.

“Балаларымның аман қалғанына шүкіршілік еттім. Балалар үшін деп жүрміз, оларды өмірге әкелген соң бәрі біздің мойнымызда, – деді Арай көзіне жас алып. – Бірақ еріккеннен бармадық қой. Сондай қатерге барғанымызға өзімізді де кінәлап өтер едік. Балаларымызға бірдеңе болса, өзімізді ешқашан кешірмес едік”.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Кариб теңізінің Колумбия жағалауында 20 мигрант мінген қайық суға батып кеткенін хабарлаған едік.  Ал құтқарылған ересектер арасында Қазақстан, Колумбия, Эквадор, Иран, Никарагуа, Венесуэла азаматтары бар деп хабарлады колумбиялық әскери журналистер.