Францияның астанасы Париж қаласында өтіп жатқан жазғы Олимпиялық ойындарда қола медаль иелеген Армия спортшысы, дзюдошы Ғұсман Қырғызбаевқа мерзімінен бұрын «капитан» әскери атағы беріледі, деп хабарлады Ulysmedia.kz Қорғаныс минстрлігіне сілтеме жасап.
ӘСКЕРИ ШЕН ҒҰМАР ҚЫРҒЫЗБАЕВҚА ДА ТАПСЫРЫЛАДЫ
Әскери шен оған Олимпиадада тамаша өнер көрсетіп, қола жүлдені жеңіп алғаны үшін табыс етіледі. Сонымен бірге оның егіз сыңары Орталық спорт клубы дзюдодан команданың бөлімше басшысы, аға жаттықтырушысы Ғұмар Қырғызбаевқа қорғаныс министрінің бұйрығымен капитан әскери шені мерзімінен бұрын берілетін болады.
ОНЫҢ ОТАН АЛДЫНДАҒЫ ЕҢБЕГІ ЗОР
Отан алдындағы ерен еңбегі, дене тәрбиесі мен спортты дамытуға қосқан зор үлесі, жоғары жетістігі және кәсібилігі үшін Ғұсманға және оның егіз сыңары, Орталық спорт клубы дзюдодан команданың бөлімше басшысы, аға жаттықтырушысы Ғұмар Қырғызбаевқа қорғаныс министрінің бұйрығымен капитан әскери шені мерзімінен бұрын беріледі, - деді Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы, Орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов.
Оның айтуынша, егіздерге әскери шенді Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов тапсырады.
Ғұсман Қырғызбаев - 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2019 және 2022 жылдардағы Азия чемпионаттарының қола жүлдегері. Ал жақында ол Олимпиаданың қола жүлдесін жеңіп алды. Оның сыңары Ғұмар Қырғызбаев та күреспен айналысады. Ол – күрестен 66 келі салмақтағы әлем чемпионатының қола жүлдегері.
Еске салсақ, таңертең дзюдодан Қазақстан құрамасы Парижден оралды. Оларды Алматы қаласының әуежайынан қаумалаған халық қарсы алды. Осы жерде Алматы гарнизонының әскери қызметшілері Ғұсман Қырғызбаев пен басқа да спортшыларға құрмет көрсетті. Спортшының қарсы алғандар арасында оның сыңары Ғұмар Қырғызбаев та болды. Осы жерде кәсіпкерлер Ғұсман Қырғызбаевқа көлікті сыйға тартты.