×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қор нарығында күрт құлдырау: Зардабын барлығы тартады

06.08.2024, 12:47
Қор нарығында күрт құлдырау: Зардабын барлығы тартады
сурет ашық дереккөзден

Тамыздың алғашқы дүйсенбісі жаһандық нарықтарды тығырыққа тіреді. Жапон акцияларынан басталған құлдырау өзге нарықтарды да шарпып, бүкіл әлем инвесторларының мазасын қашырды. Экономистер бұрын-соңды болмаған жаһандық дағдарыс басталғанын айтады. Олардың пікірінше, дағдарыстың салдарын қор нарығына еш қатысы жоқ адамдар да тартады.

Қырық жылда болмаған құлдырау

5 тамыздағы сауданың қорытындысы бойынша жапондық Nikkei 225 биржалық индексі 12,4%-ға төмендеді. Бұл көрсеткіш 13,24% деңгейінде қалды, бұл 1987 жылдың 20 қазанынан бергі ең жоғары құлдырау. Көп ұзамай еуропалық қорларда да соңғы екі жылдағы ең үлкен тәуліктік құлдырау болды.

Қорқыныш пен ашкөздік арпалысы

Экономист Рақым Ошақбаев жаһандық нарықтағы кешегі дүрбелең жөнінде пікір білдіріп, оның салдары қандай болуы мүмкін екенін болжады. 

– 5 тамызда бұрын-соңды болмаған жаһандық қаржы және экономикалық дағдарыс басталды деуге болады. Өйткені жапон қор нарығы шамамен 13%-ға құлдырады, мұндай жағдай 1987 жылдан бері болмаған. Салыстыру үшін айтатын болсақ, «Ұлы дағдарыс» Dow Jones-тің 12%-ға құлдырауынан басталып, әрі қарай жалғасқан еді. Соңғы 2008 жылғы дағдарыс кезінде нарық 7-8%-ға төмендеген. Ал бұл жолы бірден 12-13%-ға құлдырап отыр. АҚШ қор нарығындағы жағдай қалай боларын бақылап көреміз. Бірақ қазірдің өзінде криптоинвесторлардан маза қашты. Шындап келгенде, қор нарығында да дәл осы инвесторлар, ал онда жаппай сатылым болып жатыр: биткоин 17%, эфир 23% арзандады және мұнымен тоқтамайды, - дейді маман.

Сарапшының айтуынша, қазір инвесторлар үшін қорқыныш пен ашкөздіктің шайқасы басталды.

–Ұзамерзімді перспективада қарасақ, бұрын-соңды болмаған дағдарыс болып, бәрінің құны көк тиын болып қалуы мүмкін. Бірақ қашан болатыны белгісіз. Сондықтан инвесторлар жапатармағай ақша сала бастауы қалыпты. Брокеріме хабарлассам, қазір бәрін арзан бағада сатып алуға керемет мүмкіндік туып тұрғанын айтты. Қор нарығы дәл осылай жұмыс істейді: қорқыныш пен ашкөздіктің арпалысатын сәті. Қайсы жеңетінін уақыт көрсетеді. Бірақ бұл жағдай қор нарығына қатысы жоқ адамдарға да әсер етпей қоймайды, - дейді Ошақбаев.