Алматы әкімі Ерболат Досаев Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы Ерден Хайруллиннің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты қайғырып, көңіл айтты, деп хабарлады Ulysmedia.kz.
«Ерден Рашидұлы ұзақ жыл бойы мемлекеттік қызметте жемісті еңбек етіп, керемет басшы, жақсы ұйымдастырушы әрі жоғары деңгейдегі кәсіби маман болды. Оны әріптестері қарапайымдылығы, іскерлік қасиеті және адамгершілігі үшін жоғары бағалады. Ол спорттың дамуына және жас спортшыларды тәрбиелеуге үлкен үлес қосты. Біз үшін бұл орны толмас қаза, марқұмның жарқын бейнесі әрдайым жүрегімізде сақталады», – деді Ерболат Досаев.
Қала басшысы Ерден Хайруллиннің отбасына, туыстары мен жақындарына қолдау білдіріп, шын жүректен қайғырып, көңіл айтты.
Ерден Рашидұлы Хайруллин 2009 жылы Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетін «Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша бітірген, 2011 жылы Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетін «Экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған және Азаматтық авиация академиясынын авиация техникасы және технологиясының магистрі дәрежесін алған.
2012-2019 жылдары Алмалы ауданы әкімі аппаратында кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы, осы бөлімнің басшысы болып қызмет атқарған.
2019-2022 жылдары Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген.
2022 жылдың мамырында Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы болып Ерден Рашидұлы Хайруллин тағайындалған.
Ерден Хайруллин Парижде көз жұмды.