Қазақстан президенті Жапония премьер-министрімен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияда болған жер сілкінісіне байланысты жапон халқына сабыр тілеп, табиғат апатының салдары ауыр болмайды деп үміттенетінін айтты.
Өз кезегінде Фумио Кишида Қазақстанға ресми сапарын, соның ішінде «Орталық Азия + Жапония» диалогының бірінші саммитіне қатысуын амалсыздан кейінге шегергенін өкінішпен жеткізді.
Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Фумио Кишида қазақ-жапон қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективасын талқылап, өңіраралық ықпалдастық мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Еске сала кетейік, Жапонияның Қазақстандағы елшілігі Күншығыс елінің премьер-министрі Фумио Кишиданың бүгін Астанада басталатын «Орталық Азия-Жапония» диалогының бірінші саммитіне қатыспайтыны туралы мәлімет таратқан еді. Бүгін Астанада «Орталық Азия + Жапония» саммиті басталады. Саммит екі күн болады. Оған Жапонияның премьер-министрі Фумио Кишида да шақырылған болатын.