Боксшы, Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Баходир Жалолов өзінің әуесқойлар аренасынан кеткенін ресми түрде жариялады, деп хабарлады Ulysmedia.kz. rast.kz–ке сілтеме жасап.
Ол XXXIII Олимпиялық ойындарда екінші рет Олимп шыңына шыққаннан кейін өзінің маңызды шешімге келіп, әуесқойлар сапынан кәсіпқойлар қатарына біржола өткенін мәлімдеді. Боксшы Олимпиададағы соңғы айқасынан кейін үстіндегі лыпасын шешіп, оны рингте қалдырып кетті.
«ИНША АЛЛА, ЕНДІ КӘСІПҚОЙ БОКСТА ӘЛЕМНІҢ АБСОЛЮТТІ ЧЕМПИОНЫ БОЛАМЫН»
Инша Алла, кәсіпқой бокста әлемнің абсолютті чемпионы атанып, жалпы жұрттың сенімін ақтаймын, – деді ол.
Баходир Жалолов соңғы үш Олимпиадаға, атап айтқанда – Рио-де-Жанейро -2016-ға, Токио-2020-ға және Париж-2024-ке қатысып, Жапония мен Франциядағы Олимпиялық ойындар турнирлерінде екі рет құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Сонымен бірге оның әлемнің екі дүркін чемпионы деген атағы да бар.
Еске сала кетсек, биылғы жазғы Олимпиялық ойындарда Өзбекстан бокс құрамасы 5 алтын медальді жеңіп алып, спорттың осы түрінен жалпы командалық есепте бірінші орынға шықты.