Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Шығыс Қазақстанда ірі литий кен орнын игеруді бастауға ниетті KIGAM корей компаниясымен келіссөз қалай жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“2025 жыл демес едім”
Қанат Шарлапаевтың айтуынша, "базалық геологияға көп ақша салу керек".
– Бұл кен орнының қаншалықты үлкен екенін, оның пайда болу тереңдігін және ең бастысы, біз алуға тырысатын металдардың құрамын түсіну үшін керек, – деп түсіндірді ол.
Министр биологиялық, химиялық құрам негізінде корей серіктестер осы кен орнын игеру-игермеу жағынан шешім қабылдайтынын айтады.
– Сондықтан біз паровоздың алдына шығып жүгірмей-ақ қояйық. Сапалы геология жұмыстары жүргізілгенше күтуіміз керек. Тау-кен өнеркәсібінің өзі жылдам процесс емес, үш айдың ішінде бізге байыту фабрикасын салу қиын болады, – деді ол.
Әйтсе де, корей инвесторлары жергілікті БАҚ-қа Қазақстанда литий өндірісін 2025 жылы бастауды жоспарлап отырғанын хабарлаған.
– Біз ол компаниямен (Корея Геология институты) үнемі диалогтамыз. Олар осы мақсаттар үшін бұрын болмаған Қазақстанда өз өкілдіктерін ашады, яғни бізде KIGAM филиалы болады. Келіссөз қорытындысы бойынша біз барлау құқығын мүмкіндігінше береміз, егер олардың алдын ала деректері 100% расталса, Кореяда батарея өндірумен айналысатын басқа компанияны тартамыз және олармен бірге бұл жобаны дамытатын боламыз. Бірақ мен оптимист болмас едім. Бұл жағдайда әңгімені объективті шындықтан бастау керек деп санаймын – біз талқылаған экологиялық талаптарды ескерсек, литий өндірісін үйлестіру үшін кем дегенде 6-9 ай қажет. Сондықтан 2025 жыл – өндірісті нақты басталады деу қиын, - деді Шарлапаев.
Тоқаев не деді
Оңтүстік Кореяның KEGAM және SK ecoplant компаниялары Қазақстандағы литий кен орындарын игеруге қызығушылық танытқанын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Корея бизнес форумында айтқан еді. Оның пікірінше, жер қойнауын пайдалану және өнеркәсіп сияқты стратегиялық мәні зор салалар Қазақстан мен Корея экономикалары кооперациясының маңызды бағыттары.
«Мұнай-газ саласына Оңтүстік Корея технологияларын толыққанды трансферт жасау, сондай-ақ заманауи құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектер өндірісін жолға қою біз үшін маңызды. Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ секілді ірі мұнай-газ кен орындарында өндірісті кеңейтуге бағытталған жобалардың жүзеге асырылып жатқанын ескерсек, мұның өзектілігі арта түседі», – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев аса маңызды шикізат игеру саласында еліміздің әлеуеті зор екеніне назар аударып, литий кен орнын игеруге және одан өңделу деңгейі жоғары өнім шығаруға ниетті оңтүстік кореялық серіктестермен (KIGAM, SK Ecoplant) ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін жеткізді. Мемлекет басшысының пікірінше, автомобиль құрастыру саласындағы өзара тиімді өнеркәсіптік кооперацияны өрістетуге мол мүмкіндік бар.