×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Кіргізбеу керек – Еуропада тіркелген маймыл шешегі Қазақстанға қаншалықты қауіпті

16.08.2024, 16:29
Кіргізбеу керек – Еуропада тіркелген маймыл шешегі Қазақстанға қаншалықты қауіпті
Фото: Ашық дереккөзден

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Еуропада тіркелген маймыл шешегі Қазақстанға қаншалықты қауіпті екені жөнінде сұраққа жауап берді, деп жазады Ulysmedia.kz.

Вице-министр не дейді

Тимур Сұлтанғазиевтің сөзінше, маймыл шешегі өте қатерлі сырқат саналады.

– Қазір ол тек Африкада басқа да континентте пайда болғанын көріп отырмыз. Соңғы екі жылдың ішінде жүзден аса мемлекетте осы сырқат тіркелген. 100 мыңға жуық адам жұқтырған. Жалпы осы маймыл шешегінің мониторингін бақылау үшін ең біріншіден Қазақстанға кіру жолдарын бақылауымыз керек. Әуежайларда немесе пойыздарда термометрия құрылғылары бар, – дейді Сұлтанғазиев.

Маймыл шешегінің негізгі белгісі – дене қызуының жоғарылауы, теріде түрлі қаттардың пайда болуы.

– Қазақстанға оны кіргізбеуіміз керек. Жалпы маймыл шешегінен клиникалық хаттама бекітілген. Алайда осы маймыл шешегінің ерекше емі немесе алдын алу жолдары, вакцинациясы жоқ. Қазір сондықтан қажетті ПТР-тесттер сатылып алынып жатыр. Келешекте Қазақстанда тестілеу болатынын атап өткім келеді, - дейді ол.

Швецияда тіркелген науқас

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Швециядағы науқастың жұқпалы ауруы mpox вирусынан (бұрын "маймыл шешегі" деп аталған) туындағанын растап, пациенттің жаңа вирус штаммы (Clade Ib) Африкадан келгенін атап өтті. Бұл туралы 15 тамыз, бейсенбіде ВВС хабарлады. Науқас қазір дәрігерлердің бақылауында емделіп жатыр. Басқа елдер mpox вирусының анықталғанын әлі хабарлаған жоқ.

Бір күн бұрын ДДҰ Африкада вирустың таралуына байланысты қауіптің ең жоғары деңгейін жариялады. Онысын "халықаралық маңызы бар денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай" деп атады. Вирусы адамға жануарлардан жұғады, бірақ физикалық байланыс арқылы адамнан адамға да жұғуы мүмкін. Инфекцияның белгілеріне безгек, бұлшықет ауруы, іріңді безеулер мен көпіршіктері бар тері бөртпесі жатады.

Африканың бірнеше елдерінде ауру өршіген 

Бұрын mpox таралмаған Бурунди, Кения, Руанда және Угандада аурудың өлімге апарып соғатын 1b вирусының 90 жағдайы анықталған. Конго Республикасында 14 мыңнан астам жұқтырған адам тіркеліп, 524 адам қайтыс болды, деп хабарлады ДДҰ 14 тамызда.

Биыл Африканың 13 елінде mpox инфекциясын 17 мың адам жұқтырды. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 есе көп, деп хабарлайды Reuters.

2022 жылдың жазында ДДҰ маймыл шешегінің өршуін "халықаралық маңызы бар денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай" деп жариялады. Сол кезде әлемнің 75 елі мен аумағында 2b вирусын жұқтыру жағдайларының саны 16 мыңнан асты, ал инфекциялардың көпшілігі Еуропа мен Америкада, негізінен бір жынысты жыныстық қатынасқа түскен ер адамдар арасында анықталған. Төтенше жағдай режимі 2023 жылдың мамырында тоқтатылған.