×
484.11
528.79
5.03
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
484.11
528.79
5.03

Жамбылда қызмет бабында қаза тапқан полицейлер жер қойнына тапсырылды

18.08.2024, 19:01
Жамбылда қызмет бабында қаза тапқан полицейлер жер қойнына тапсырылды
Жамбыл облыстық ПД

Жамбылдықтар қызмет барысында қаза болған полиция қызметкерлерін ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бүгін жамбылдықтар 17 тамыз күні «Меркі-Шу-Бурылбайтал» республикалық маңызы бар тас жолында қызмет өткеру барысында жол апаты салдарынан қаза болған полиция қызметкерлері Ғалым Арыстанбаев пен Абылайхан Әбішкенді ақтық сапарға шығарып салды.

Жаназаға марқұмдардың отбасы, ағайын-туыстарымен қатар Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин, ҚР ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы Арман Саданов, ҚР ІІМ Кадр саясаты департаменті бастығының орынбасары Олжас Мырзабеков, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, облыстық ПД бастығының орынбасарлары, бірге қызметте болған әріптестері, достары қатысты.

Сондай-ақ, қоштасу жиынында ҚР Ішкі істер Министрі Ержан Сәденовтің, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің қазаға байланысты көңіл хаттары оқылып, қайғыға ортақ екендігі және марқұмдардың отбасына мемлекет тарапынан әрдайым қолдау жасалатыны жеткізілді.

Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин әріптестерінің қызмет барысында, кенеттен қаза табуына байланысты суық хабар баршаның қабырғасын қайыстырғанын атап өтті.

“Жас болса да өңірдегі қауіпсіздікті сақтау, қоғамдық тәртіпті қадағалауда өлшеусіз өз үлестерін қоса білген азаматтардың әлі де халыққа берер пайдасы мол еді. Олар мінсіз қызметтерімен қатар, отбасында үлгілі әке, жақсы жар, жақындарына қамқор, айналысына жанашыр болды. Артында қалған отбасы, балалары мен жұбайына әрқашан қолдау жасап, қамқор боламыз деп сенім білдіремін. Батырлардың жарқын бейнесі мен абыройлы есімі әрдайым жадымызда сақталады”, деп Арманбек Баймурзин қаза тапқан әріптестерінің жақындарын сабырға шақырып, көңіл білдірді.

Марқұмдардың жаназасы өз туған жерлерінде – Ғалым Арыстанбаев Меркі ауданында, Абылайхан Әбішкен Талас ауданында өткізілді.

Қаза тапқан полиция қызметкерлердің «Айбын» орденіне ұсынылатыны белгілі болады.