Топта төрт күдікті белсенді әрекет еткен.
Шығыс Қазақстан облысында 47 млн теңгенің малын ұрлаған қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОПТА 4 КҮДІКТІ ӘРЕКЕТ ЕТКЕН
Polisia.kz мәліметінше, қылмыстық топтың есебінде 70-тен астам мал ұрлығы бар. Келтірілген шығын көлемі 47 млн теңгеден асады. Олар малдың етін көбіне елдің оңтүстігінде саудалаған. Тәртіп сақшылары қаскөйлерді жедел іздестіру іс-шаралары барысында анықтады.
Топта төрт күдікті белсенді әрекет еткен. Мал басының бір бөлігі тәркіленді. Тергеу барысында олардың иесіз жылқыларды іздегені, кейін мал ұстау орындарына жеткізіп, ары қарай жүк көліктерімен басқа аймақтағы базарға тасымалданғаны анықталды, – делінген полиция хабарламасында.
Сонымен қатар, ұсталғандардан атыс қаруының бірнеше түрі және 60 астам оқ-дәрі тәркіленді. Олар бойынша сараптама тағайындалды. Күдіктілер соттың санкциясымен қамауға алынды.
Сондай-ақ, олардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр.