×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Мектептер «Күнделік» жүйесінен бас тарта ма

19.08.2024, 15:29
Мектептер «Күнделік» жүйесінен бас тарта ма
Коллаж Ulysmedia.kz

Қостанай облысының мектептерінде «Күнделік» жүйесінің жұмысы тоқтатылып, оның орнын «BilimClass» электрондық журналы басады. Жалпы Қазақстанның мектептері демек, «Күнделік» жүйесінен бас тарта ма? Ulysmedia.kz тілшісі бұл сұрақты Оқу-ағарту министрлігіне қойды.

Министрлік не дейді

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Білім туралы" заңның 6-бабының 2-тармағы бойынша жергілікті атқарушы органдар бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру ұйымдарына (қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелеріндегі білім беру ұйымдарын қоспағанда) материалдық-техникалық қамтамасыз ету бағытында қолдау көрсетеді.

– Осыған байланысты мектептер үшін бағдарламалық шешімдерді, ақпараттық жүйелерді таңдау Жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар нарықта бар "Күнделік" жүйесі және басқа да балама шешімдерді таңдауға құқылы, – делінген жауапта.

Қостанайдағы шешім

Қостанай облысының білім басқармасы биыл 1 қыркүйектен бастап «BilimClass» электрондық журнал және күнделік модулі енгізілгелі отыр. Осы жүйеге ауысқан мектептердің мұғалімдері, оқушылары және олардың ата-аналарына тегін цифрлық ресурстар беріледі. Күнделік жүйесінен шығарылған мәліметтер BilimClass жүйесінің деректер қорына автоматты түрде жүктеледі.

Бапидің сыны

Еске сала кетейік, бұған дейін Ермұрат Бапи «Күнделік» жүйесі арқылы Ресейдің ФСБ қызметі барлық деректерімізді алақандағыдай көріп отыр деп мәлім еткен еді. Осылай деген ол премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға, Бас прокурор Берік Асыловқа. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбевқа, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиевке сауал жолдаған.

– 2017 жылы құдіреті күшті Дариға Нұрсұлтанқызының бастамасымен жеке меншіктік тұлғада «Kundelik» ЖШС-і құрылып, бұл серіктестік ресейлік «Дневникпен» уағдадасқан. Өз кезегінде Дариға ханымның «тізеге салуы» нәтижесінде «Kundelik» серіктестігі 2018 жылғы 26 қаңтарда Қазақстанның Білім және ғылым министрлігімен шарт жасасты. Ескерте кетейін, бұл Мемлекеттік-жекешелік әріптeстік келісім-шарт (ГЧП) тек қана орыс тілінде жасалды, оның қазақ тіліндегі нұсқасын итпен іздеп таппаймыз. Цифрландыру дәуірінде бұл платформалық жүйе қазақстандық мектептерге қажет қой деп, бұл шарттың бүге-шігесіне үңілмеуге болар еді», - дейді ол.

Депутат «Күнделік» жүйесінің түп-тамыры ресейлік «Дневник ру» платформасының кіндігіне байланғанын атап өтеді. Яғни, Қазақстандағы 3 миллионға жуық оқушының, олардың ата-анасының барлық ақпараттық-цифрлық дерегі Ресейдегі тиісті органдардың қолында отыр деген сөз.

Аймағамбетовтың пікірі

Парламент палаталарының бірлескен отырысы аяқталғаннан кейін Ulysmedia.kz тілшісі осы мәселе жайлы не ойлайтынын депутат Асхат Аймағамбетовтен сұраған. Депутат нақты фактілерге қарауға шақырады.

– Сіз айтқан жүйенің ақпараты қай жерде сақталады? Ол ақпарат бізде Ұлттық ақпараттық технологиялар орталығының серверлерінде өте сезімтал ақпараттық жүйелерді сақтайтын орында сақталады. Сол серверде сіз бен біздің өте маңызды, жеке деректеріміз де сақталады. Егер сол жерден біреу ұрлап алса, бұл сол орталықтың кінәсі болуы мүмкін. Бірақ негізі жүйенің архитектурасы басқаша жасалған. Біздің барлық ақпарат Қазақстанның ең құпиялы, қажетті серверлерінде сақталады деген норманы енгізгенбіз. Сондықтан ол жерден басқа жерге жеке деректерді алып кетеді дегенді білмеймін, – дейді ол.

Асхат Аймағамбетов “Күнделіктің” ресейлік “Дневник.ру” жүйесіне байланысы жоқ дейді.