×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Human Rights Foundation Марат Жыланбаевтың ісі бойынша материалдарды БҰҰ-ға тапсырды

23.08.2024, 12:19
Human Rights Foundation Марат Жыланбаевтың ісі бойынша материалдарды БҰҰ-ға тапсырды
Коллаж: ulysmedia.kz

Human Rights Foundation (HRF) халықаралық құқық қорғау ұйымы Біріккен Ұлттар ұйымына қазақстандық белсенді әрі белгілі супермарафоншы Марат Жыланбаевтың ісі бойынша материалдарды тапсырды. Бұл бастама әлемдік қоғамдастық назарын Қазақстандағы адам құқықтарының бұзылуына аударып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Тіркелмеген оппозициялық "Алға Қазақстан!" партиясының көшбасшысына қатысты бұл құжаттар БҰҰ-ның сөз бостандығы, бейбіт жиналыстар мен қауымдастықтар, судьялар мен адвокаттардың тәуелсіздігі, сондай-ақ ерікті ұстау жөніндегі жұмыс тобы бойынша арнайы баяндамашыларына жіберілді.

22 тамызда жарияланған мәлімдемесінде HRF Жыланбаев темір торда бір жылдан астам уақыт отырғанын атап өткен.

– Жыланбаев сотталған Қылмыстық кодекстің баптарын БҰҰ Адам құқықтары және терроризмге қарсы күрес жөніндегі арнайы баяндамашысы және адам құқықтары жөніндегі комитеті бұлыңғыр деп таныған , - деді ұйымның заңгері Кейти голланд.

HRF сонымен қатар Жыланбаевтың құқықтары айтарлықтай бұзылғанын атап өтеді. Холланд Жыланбаевтың біреуінен басқа куәгерлерді шақыру туралы барлық өтініштері қабылданбағанын, бұл сот процесінің әділдігіне күмән келтіретінін айтты.

Жыланбаевтың жағдайы

Биыл 19 тамызда марафоншы, тіркелмеген оппозициялық «Алға, Қазақстан» партиясының жетекшісі Марат Жыланбаев 61 жасқа толды. Туған күнін ол Атбасардағы түрменің тәртіптік изоляторында қарсы алды. Қамауда бірнеше рет аштық жариялаған әйгілі спортшының қалы қалай? Ulysmedia.kz тілшісіне Марат Жыланбаевтың жай-күйін 20 тамызда Атбасарға барып келген адвокаты Мейіржан Досқараев айтып берген еді.

Жыланбаев неге түрменің қауіпсіз орнында отыр

Мейіржан Досқараевтың айтуынша, Марат Жыланбаевтың басқа сотталғандармен ерегесі болғаннан кейін оны өз өтініші бойынша тәртіптік қауіпсіз орынға ауыстырылған.

«Ол жер жайлы емес. Бір камера. Ішінен шықпайды. Екі ай болды ғой. Бастапқы кезде камерасы нашар болып, ішінен ылғал білініп, асты су болып шыққан. Кейін бір дұрыстауына ауыстырған. Өз талабы – медициналық-санитарлық бөлімге ауысу еді. Ол жаққа мекеме басшылығы ауыстырмады. Арнайы орындағы екінші айы біткеннен кейін отрядқа барады», - дейді адвокат.

Досқараев Жыланбаевтың саяси тұтқын екенін, сондықтан басқа сотталғандармен ерегесі болуы мүмкін де емес еді деп есептейді.  

Ол неге аштық жариялады

Адвокат марафоншының жүгіруіне, спортпен айналысуына мүмкіндік берілсе екен дейді.

«Өзі еңбекқор адам ғой. Сурет салады, төртінші разрядтағы токарь. Егер Маратқа жұмыс істеуге мүмкіндік жасайтын болса, ол кезде бұл ешкіммен қақтығыспаймын дегендей қылып жатыр. Оның үстіне меншік үйінен алдырған, сурет салатын кисточкадан бастап мироволновка, кір жуу машинасын – бар заттарын алып қойды ғой. Сондықтан ол аштық жариялады. Қазір шыққан соң, заттарын қайтарып, спортпен айналысып, сурет салуына, токарь болып жұмыс істеуіне мүмкіндік берсе, кедергі жасамаса дейді. Кедергі жасаса қайта аштық жариялаймын деп отыр», - дейді адвокат.

Жыланбаевқа шыққан үкім

Еске сала кетейік, биыл қаңтарда Астана қаласының қалалық соты Марат Жыланбаевтың апелляциялық шағымы бойынша шешім шығарған еді. Ол инстанция Астана қылмыстық істер жөніндегі сотының Марат Жыланбаевты жеті жылға соттаған үкімін күшінде қалдырған. Белсендіге сотта «тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты» және «терроризмді қаржыландырды» деген айыптар тағылған. 

Марат Жыланбаев бұған дейін де бірнеше рет аштық жариялаған. Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін оны босатып, оған тағылған айыптарды алып тастауға шақырған болатын.

Бұған дейін Марат Жыланбаев жұбайымен телефон арқылы сөйлескенде өз өміріне алаңдайтынын айтқан. Ал ол оны  адвокат Мейіржан Досқараевқа жеткізген. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың түрмеге келуін талап еткен.

Марат Жыланбаев жайлы

Марат Жыланбаев – қазақстандық марафоншы, тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының төрағасы. Ол әлемдегі ең үлкен шөлдермен жүгірген жалғыз адам. Былтыр «Ар-Бедел» қоғамдық қоры белсендінің сөздерінен кейін Жыланбаевты экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау бойынша сотқа берді. Жыланбаев талап арызды жеңіп алды.

Ол 1963 жылы 19 тамызда Қарағанды облысында дүниеге келген. Жер шарының ең ірі шөлдері – Азия, Африка, Австралия және Америкада жүгірген жалғыз адам. Оның әрбір жүгірісі кем дегенде 1200 км құрады. Халықаралық ультрамарафон жарыстарының жеңімпазы және жүлдегері. Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген 7 әлемдік рекордтың иесі.