26 тамызда Гүлмира Сатыбалдының ісі бойынша сот жарыссөзі жалғасуы керек болған. Алайда адвокаттары сотталушының аллергиясы ұстап, ауырып қалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Сот отырысының басында Гүлмира Сатыбалдының адвокаттары сотталушының әл-ауқатының нашарлығына байланысты жарыссөзді кейінге қалдыруды сұрады. Олардың айтуынша, сотталушының аллергиясы қозып кеткен.
– Оған антигистамин препараттары салынды. Қазір оның бүйрегі қатты ауырады. Демалыста болған соң дәрігер табылар емес, - деді адвокат Әсемгүл Даниалова.
Ол сондай-ақ қорғаушылардың сот жарыссөзіне дайын екенін, бірақ сотталушының өзі бұл процеске шыдай алмайтынын, сондықтан отырысты кейінге қалдыруды сұрайтынын атап өтті.
– Біз процесті созғымыз келіп отырған жоқ. Ол шынымен ауырады. Ол отыра алмайды, сотқа жылап келді, - деп атап өтті адвокат.
Гүлмира Сатыбалды деген кім
52 жастағы Гүлмира Сатыбалды – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі. 2005 жылға дейін Қайрат Сатыбалдымен некеде тұрған. Мамандығы – мұғалім. Екеуінің ортақ үш баласы бар (ұлы Бауыржан және екі қызы: Аружан мен Дария).
Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Қайрат Сатыбалдыны қамауға алғаннан кейін арада бірнеше күн өткенде Гүлмира Сатыбалды бизнесті рейдерлік басып алды деген күдікпен ұсталды. Прокурордың айтуынша, тергеу барысында ол Қазақстаннан қашуға тырысқан.
Кейінірек ведомство іс рейдерліктен басқа, Шымкент Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының нақты орындалмаған құрылыс-монтаж жұмыстары үшін төленген 741 млн бюджет қаражатын ұрлау бойынша өтіп жатқанын айтты. Гүлмира Сатыбалды бұл іс бойынша мемлекетке келтірілген залалды өтеген.
Прокурор Гүлмира Сатыбалдыны 13 жылға соттауды сұраған.